Қазақстанның әрбір азаматы үшін ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіп – ең басты құндылықтардың бірі. Осы қасиетті борышты мойнына алып, Отан үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген ер азаматтар қатарында Ұлттық ұланның жауынгерлері де бар екені сөзсіз. Олар - ел ішінде тәртіптің темірқазығы, бейбіт күннің қорғаушысы.
Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздар мен офицерлер – ел ішіндегі әскери тұрақтылықтың күзетінде тұрған қайсар жандар. Солардың бірі – 5573 әскери бөлімінің 2 батальонының командирі, майор Біржан Калимбеков.
Біз батальон командирінің балалық шағы, әскери жолы, қызметтегі ерекшеліктері мен бүгінгі Ұлттық ұланның сарбаздары жайлы сұхбаттасқан едік.
- Балалық шағыңыз қай өңірде өтті? Ол жердің табиғаты, адамдары туралы айтып берсеңіз?
- Балалық шағым Алматы қаласында, Медеу ауданында, нақтырақ айтсам, Алатау шағын ауданында өтті. Бұл жердің табиғаты ерекше, тура тау етегінде орналасқан. Көк-Төбе мен әйгілі Медеуге жақын маңда өстім. Балалық шағым таудың самалы, жазиралы табиғат пен қазақы болмысты ұстанған жандардың ортасында өтті. Осындай ортаның өзі адамды тәртіпке, еңбекке баулиды.
- Өміріңізде сізге ең көп ықпал еткен адам кім болды?
- Менің өміріме ең көп әсер еткен – анам мен әкем. Олар мені білімге баулыды. 2012 жылы Петропавл қаласындағы Жоғары әскери институтына түсуім үшін де ата-анам көп еңбек сіңірді. Олар қайда жүрсем де тілеуімді тілеп, әркез қолдап жүретін өмірімнің тірегі.
- Мектеп кезіндегі естен кетпес сәттер мен жетістіктеріңіз туралы айтып берсеңіз?
- Мектеп қабырғасында жүргенімде алғашқы әскери дайындық сабағы өзіме ерекше ұнайтын. Топ командирі болдым, түрлі әскери-патриоттық жарыстарға қатыстым, саптық тәсілдер мен қарумен жұмыс жасауды сол кезде үйренгенмін.
- Әскери жолға келу шешіміне не себеп болды?
- Әскери жол – бала күннен бергі арманым еді. Оған қоса мен мектеп бітірген кездері бұл мамандық мәртебелі саналатын. Туысқан ағам әскери салада білім алып жүріп, маған да осы оқуға түсуге кеңес берді. Осылайша 4 жыл оқуымды аяқтап, офицер атандым. Ал ата-анамның қолдауы мен сенімін осы жолмен батыл алып шықты.
- Батальон командиріне дейінгі жолыңыз туралы айтып беріңізші. Қандай бөлімдерде, лауазымдарда болдыңыз?
- Мен взвод командирінен бастап, батальон командиріне дейінгі барлық сатылардан өттім. 3 жыл 8 ай взвод командирі, жарты жыл рота командирінің орынбасары, 1 жарым жыл рота командирі болдым. Сосын батальон командирінің жауынгерлік дайындық бойынша орынбасары қызметін атқардым, кейін 3 жылға жуық батальон штабының бастығы болдым. Осылайша, бүгінде 5573 әскери бөлімінің 2 жедел мақсаттағы батальоның басқарып келемін.
- Әскери өмірде кездескен қиындықтарды қалай еңсересіз?
- Бастысы қандай жағдай болмасын, қиындыққа сабырмен қарсы тұру керек. Әскери өмірде түрлі жауапты шешім қабылдауға тура келетін кезеңдер болады. Әр шешімін – үлкен жауапкершілік. Қиындықтар кездеседі, оның барлығын ақылға сала отырып, командирлер мен орынбасарларының қолдауымен жеңіп шығуға болады. Ең бастысы ұжымдық бірлік пен түсіністік.
- Әскери тәртіп пен адамгершілік ұғымы қалай үйлесуі керек деп ойлайсыз?
- Әскери тәртіп қатаң болуы керек, алайда адамгершілікпен үндесуі тиіс. Бұл екі ұғым – бір-біріне қарама-қайшы емес, керісінше бірін-бірі толықтырып отырады деп ойлаймын. Өз басым командир ретінде әрдайым тәртіп пен талап қоямын, бірақ сол сарбаздың отбасылық жағдайын, ішкі жан дүниесін де түсінуге тырысамын. Бір сарбаздың артында ата-анасы, бауырлары, арманы мен болашағы бар екені еш ұмытпауымыз керек. Сондықтан әскери тәртіп пен адамгершілік – болат тәртіп пен жұмсақ жүректің үйлесімі деп білемін. Осындай тепе-теңдік болғанда ғана әскери ұжым нағыз мызғымас бірлікке айналады.
- Батальондағы сарбаздардың рухын көтеру үшін қандай шаралар атқарылады?
- Сарбаздардың рухын көтеру үшін ең алдымен командирдің өзі үлгі болуы керек. Ал күнделікті әңгімелесу, тәрбие жұмыстары, патриоттық фильмдер көрсету, ішкі дүниесін түсіну – сарбазды рухани байытады.
- Командир ретінде сарбаздарыңызбен қандай қарым-қатынас ұстанасыз?
- Сарбаздармен аға мен іні секілді араласамын. Олар біздің бауырларымыз секілді. Жастарға бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Әскери өмірге бейімдеп, әрқайсысының болашағына жол ашуға ықпал етеміз.
- Әскери өмірде мотивацияны қалай сақтайсыз? Өз жауынгерлеріңізді қалай жігерлендіресіз?
- Мотивация - қызметтің өзінде. Біздің әскери бөлімшеде оны жоғалту мүмкін емес. Себебі жауынгерлік қызмет тоқтамайды. Күні-түні Астананың тыныштығын күзетеміз. Хылықтың қауіпсіздігі мен ықыласы – бізге басты мотивация деп білемін.
Майор Біржан Калимбеков – әскери өмірдің шыңына шығып келе жатқан, тәртіп пен адамгершілікті қатар ұстанған нағыз командир. Оның өмірлік ұстанымдары, сарбазға деген қамқор көзқарасы, жауынгерлік дайындықтағы талапшылдығы – жас буын офицерлер мен сарбаздарға үлгі. Мұндай командирлер барда сарбаздың рухы мықты, ұжымның бірлігі бекем, ал елдің тыныштығы сенімді қолда.
Лейтенант Әйгерім Балтабаева