Жігері өнерден жаралған курсант

946
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

Жастықтың жалын күші мен өнердің өрнегін бойына тоғыстырған, қайсар да өр рухты жас – Данияр Оралғазы. Ол – Шығыс Қазақстанның мөлдір табиғатынан нәр алып, Күршімнің қасиетті топырағында аунап өскен. Бала кезінен өнердің құдіретін серік еткен жас бүгінде туған жерінің үкілі үмітін арқалап, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясында әскери білім алып жүр.

Бала жүрегінен өнерге деген ерекше құштарлық ұялап, мектеп қабырғасынан бастап-ақ білім мен таланттың тоғысқан жолында биіктерді бағындыра білді. Өскемен қаласындағы №35 мектептің үздік оқушыларының қатарынан көрінген ол, қатарластарының ғана емес, ұстаздарының да мақтанышы бола білген.

Даниярдың жүрегін баураған өнердің бірі – халқымыздың қазынасы, киелі айтыс. Талай сында суырылып шығып, жүлделі орындарды еншіледі. Әсіресе, Қызылорда төрінде өткен республикалық «Көктем нұры» айтысында дараланып, арнайы жүлдеге ие болуы – жас ақынның таланты республика деңгейінде мойындалғанының дәлелі.

Білім мен өнерді серік еткен Данияр үшін жаңа өмір белесі – Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясына түсу болды. Әскери тәртіптің қаталдығы мен жауапкершіліктің салмағына қарамастан, ол рухани әлемінен қол үзген жоқ. Қайта, болаттай шыныққан ерік-жігерін өнермен ұштастырып, өлең өлкесінде де өзіндік өрнегін қалдырып келеді. Оның қаламынан туған жырларында сарбаздық өмірдің айбыны, туған елге адал қызмет етудің асқақ рухы мен жас-
тық жігердің жалын оты айқын сезіледі.

Академия қабырғасында жүріп те шығармашылық жолынан таймаған жас курсант жыр мүшәйраларының аудандық кезеңінде 3-орын, облыстық кезеңдерінде 1-орын иеленіп, ел үмітін ақтады. Сондай-ақ ол 2024 жылы аудандық жыр мүшәйрада 3-орынды иеленсе, 2024–2025 жылдары «Жастар саясатының үздігі» төсбелгісінің иегері атанды.

Жас курсант өз толғанысын өлең жолдары арқылы былай өрнектейді:

Бір жылым өте шықты,

сезілмеді,

Балақаймын әскери кезіндегі.

Жауынгерлік кейіпке еніп алып,

Ағаш қару ұстаған сезімдегі.

Ер жігіттің жақсы ғой істілігі,

Мақсаттың осы болды күштілігі.

Он жыл күткен арманым

орындалып,

Бетімнен қарып өтті үскірігі.

Жүрегімнің үні бар

тармағымда,

Тістеліп көрмеген ғой

бармағым да,

Еңбегімнің жемісі тұр емес пе,

Қиын қистау кезеңнің ар жағында?!

Жаттықсам – бұл дертіме

ем болады,

Өлең жазсам – қос иық

тең болады.

Кезіндегі Біржан сал,

Ақандардың,

Ізін басқан ұл қалай жем

болады?!

Бұрын маған алынбас

белес едің,

Бұйыртса тау тұлғамен

теңесемін.

Анамның дұғасының

арқасында,

Жарқын болып көрінді

 келешегім.

Алланың бергені ме сыйы мына

Тағдырдың көніп келем

тиымына.

Мен де өсіп бір жерде

бас болармын,

Жұлдыздарды жабстырып

иығыма.

Жігіт болам – қорғайтын,

шеп құратын,

Ең бірінші ел қамын жеп

тұратын.

Дәрежеге жетемін ел есінде,

Мәңгілік Серікұлы деп

тұратын.

Бұл жырдан Данияр-дың жас жүрегіндегі асқақ арман, елге адал қызмет етуге деген ниет, болашаққа деген сенім мен жігер айқын аңғарылады. Өнер мен әскери тәртіпті қатар ұстаған жас сарбаздың болашағы – жарық, келешегі – кемел.

Қатардағы Маржан Талапкер

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -