Ұлттық ұланның басты міндеттерінің бірі – елдің тыныштығын күзету ғана емес, жас сарбаздардың бойына отансүйгіштік сезімді, адалдықты, рухани құндылықтарды дарыту. Бұл жауапты іс – офицер-тәрбие-шілердің иығына артылған жауапты да абыройлы міндет. Сондықтан да олардың кәсіби деңгейін жетілдіру, заманауи әдістерді үйрету – уақыт талабы.
Осы мақсатта Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық ұлан Академиясы қабырғасында офицер-тәрбиешілердің оқу-әдістемелік жиыны өтті. Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен келген 40-қа жуық офицер қатысты. Олардың қатарында әскери бөлім командирлерінің орынбасарлары, Академия қолбасшылығы және «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің әскери қызметшілері бар. Бағдарлама тәжірибе алмасу, тәрбие жұмысындағы жаңа тәсілдерді енгізу және жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мәселелерін талқылауды қамтыды.
Іс-шара Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетовтың төрағалығымен өтті.
Жиынның алғашқы күнінде офицерлер өңірімізге белгілі психилогтармен кездесті. Олардың арасында Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Президенті жанындағы отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Назипа Шанаи, «Рух» психология және тұлғалық даму орталығының директоры, клиникалық психолог Резида Баймұханова; жаттықтырушы-медиатор, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тажин; ҚХА Республикалық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай; Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнар Мукушева болды. Әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаидың сөзі ерекше әсер қалдырды.
Ол әскери қызметшілердің рухани-адамгершілік тәрбиесінің маңызын айта келе:
«Әскер – тек қару мен тәртіптің ортасы емес. Әскер – ол ең алдымен рух. Егер сарбаздың жүрегіне патриотизм мен ұлттық құндылықтарды сіңіре алсақ, онда ол елін қорғауға дайын азаматқа айналады. Әскер мен қоғам – біртұтас. Біз бірлесе отырып жас сарбаздардың жан дүниесін байытуымыз керек», – деді. Бұл ой жиынның басты ерекшелігіне айналды. Әскер мен азаматтық қоғамның, дәстүр мен жаңашылдықтың бір арнада тоғысуы – тәрбие жұмысы-ның жаңа бағытын айқындады.
Алғашқы күннің тағы бір маңызды бөлігі – кәсіби психологтар өткізген тренингтер болды. «Рух» психология және тұлғалық даму орталығының директорыРезида Баймұханова әскери ортадағы психологиялық ахуал туралы мазмұнды дәріс оқыды.
Ол офицер-тәрбиешілерге сарбаздардың жан-дүниесін түсіну, күйзеліс жағдайларын еңсеру, ұжым ішінде сенім орнату әдістерін көрсетті. Арнайы жаттығулар жасалып, офицерлер өздері де тәжірибе ретінде психологиялық тесттен өтті.
Резида Сәлімжанқызы: «Әскерде тәртіп қатаң, бірақ әрбір сарбаз – алдымен адам. Оның да қуанышы, қорқынышы, арман-мақсаты бар. Егер тәрбиеші оның жан дүниесін түсінсе, ол сарбаз Отан алдындағы борышын зор ынтамен атқарады», – деді. Бұл тренинг офицерлерге ерекше әсер қалдырды. Көпшілігі мұндай практикалық сабақтардың күнделікті қызметте пайдалы болатынын атап өтті.
Ұлттық ұлан тәрбиешілері жиынының екінші күні қатысушылардың физикалық қабілеттерін тексеруден басталды. Офицерлер 100 метрге жүгіруден сынға түсті. Ал сабақтар Академия клубында жалғасты. Бұл күні тәлімгерлер дәріс өткізу барысында пікір алмасу мен диолог құруға көп көңіл бөлді.
ҚХА Республикалық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай семинар-тренинг өткізді. Оның тақырыбы – «Тәуелді мінез-құлықтың алдын алу және жұмыс формалары».
Бұл тренинг барысында офицерлер құмар ойынға тәуелділік (лудомания), есірткі және өзге де зиянды әдеттердің әскери қызметке тигізетін қауіпті салдары туралы тың мәлімет алды. Баян Ахатай офицерлерге тәуелділікке бой алдырған сарбаздармен жұмыс істеудің нақты тәсілдерін үйретті.
«Әскердегі әрбір сарбаз – мемлекеттің болашағы. Олардың бойындағы зиянды әдеттерді дер кезінде байқап, алдын алу – тәрбиешінің басты міндеттерінің бірі», – деді ол.
Бұл семинар офицерлерді ойландырып қана қоймай, әрқайсысына нақты тәжірибелік құралдар берді.
Сондай-ақ олар күнделікті қызмет атқару барысында кездесетін мәселелер мен қиындықтар турасында талқылау жүргізді. Сонымен қатар әскери қызметшілердің білім деңгейі мен оқыс оқиғалар кезіндегі іс-әрекеті сөз болды. Әр мәселенің шығу себебі қаралып, оны шешу жолдары ұсынылды. Әр дәріс сайын әскерилер өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.
- Кешелі бері біздер тәжірибелік сабақтарға қатысып жатырмыз. Дәрістер өскелең ұрпақты және әскер қатарында жүрген сарбаздарды патриоттыққа баулып жүрген тәрбиеші офицерлердің біліктілігін нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердегі өзгерістер мен әскери қызметшілердің тәрбиесіне қатысты заңнамалардағы жаңашылдықтар түсіндіріліп жатыр. Бұдан бөлек, әртүрлі әскери бөлімдерден жиналған мамандар бір-бірімен тәжірибе алмасуда. Жас жауынгерлерді тәрбиелеу барысында қолданылатын жаңа әдістемелер мен тың тәсілдер де үйретіледі, - деді 5547 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Берік Қараманов.
Басқосу барысында тәрбиешілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне де назар аударылды. Полковник Әлішер Әбдірәсілдің ұйымдас-тыруымен диктант және эссе жазу сынақтары өтті. Бұл сынақ офицерлердің тілдік сауаттылығын жетілдіріп қана қоймай, мемлекеттік тілдің әскери ортада қолданылуын кеңейтуге үлес қосты.
Кеңейтілген отырыста генерал-майор Қайрат Үмбетов офицерлерге Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабек-
овтың нақты тапсырмаларын жеткізді. Ол тәртіп пен тәрбие жұмысын қатаң бақылауда ұстап, әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға ерекше мән беруді тапсырды.
Сондай-ақ генерал-майор Қайрат Үмбетов биылғы оқу жылында академияға қабылданған бірінші курс курсанттарымен арнайы кездесті. Ол жас курсанттарға ізгі тілегін білдіріп, әскери қызметтің абыройлы миссиясы туралы жүрекжарды ойларын айтты.
Кездесудің екінші күні офицерлер көптен күткен сәтке куә болды. Ұзақ сағаттар бойы дәрістерді тыңдап, тәжірибелік сабақтар өткізіп, пікірталастарға қатысқан офицерлер үшін спорттық жарыс – сергіп, бой жазып қана қоймай, өзара бірлікті шыңдайтын үлкен мүмкіндік еді. Сол себепті де волейбол алаңына жиналғанда әркімнің бойында ерекше қуаныш пен толқу байқалды.
Волейбол алаңы жан-жақтан келген офицерлерге толып, нағыз мерекелік атмосфера орнады. Әр қолбасшылықтың командасы әскери саптағыдай тәртіппен шыққан сәттен-ақ көрермендерден қолдау-қошемет естілді.
Ойынның алғашқы ұтысы басталған сәттен-ақ дода қыза түсті. Допты әуеге көтерген бойда әр команда өз артықшылығын көрсетіп қалуға тырысты. Бірде «Шығыс» қолбасшылығы ойыншыларының үйлесімді әрекеті қарсыласын қапы қалдырса, енді бірде «Орталық» құрамасы шапшаң шабуылдарымен ерекше көзге түсті. Ал «Оңтүстік» ойыншылары қайсарлығымен және берілмейтін мінезімен көрермендерді тәнті етті.
Қызу тартысты ойындардың нәтижесінде: Бірінші орынды шебер ойынымен ерекшеленген, допты дәл беріп, шабуылда ұтымды тактика қолданған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы иеленді. Олардың алаңдағы сенімді қимылы мен ынтымағы жеңіске жеткізді. Екінші орынды қайсарлығымен көзге түскен «Орталық» өңірлік қолбасшылығы еншіледі. Әр сәтті соңына дейін күресіп, қарсыласына оңайлықпен ұпай бермеген олар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Үшінші орынды табандылығымен ерекшеленген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы жеңіп алды. Олар алаңда берілмейтін мінез бен қайсар рухтың үлгісін көрсетті.
Арнайы номинациялар бойынша да үздіктер марапатталды: «Үздік ойыншы» – майор Назбек Маликов («Шығыс»), «Үздік шабуылшы» – подполковник Шухрат Ашимов («Орталық»), «Үздік пас беруші» – подполковник Болат Айтмамбетов («Оңтүстік»). Ал «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жеңіске деген жігері үшін арнайы грамотамен марапатталды.
Маңызды басқосуға ерекше рух берген бұл жарыс офицерлерге сергектік сыйлап, оларды бірлік пен достыққа шақыр-
ғандай болды. Көпшіліктің айтуынша, мұндай спорттық бәсекелер кәсіби дағдыларды шыңдап қана қоймай, әскери ұжымдардың өзара ынтымағын арттырып, олардың тәрбие жұмысына да оң әсер етеді.
Ұлттық ұлан Академиясында өткен практикалық дайындықтың басты мақсаты – офицер-тәрбиешілердің кәсіби біліктілігін арттыру, жеке құраммен жұмыс жүргізудің тиімді әдістерін меңгерту, моральдық-психологиялық қамтамасыз ету саласындағы білімін толықтыру, патриоттық тәрбиені күшейту және нормативтік-құқықтық құжаттардың талаптарын жеткізу болды. Дайындық барысында тәрбиешілер мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауға арналған сынақтан өтіп, белгіленген тақырыптар бойынша эссе жазып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Жиын аясында Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар Бас басқармасы бастығының орынбасары полковник Арман Бутанов «Әскердегі заң мен тәртіп» ведомствоаралық бағдарламасының орындалу барысы жөнінде мазмұнды дәріс оқыды. Ол сондай-ақ әскери-патриоттық сабақтар мен жиындарды ұйымдастыру кезінде лауазымды тұлғалардың міндеттері мен жұмыс тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді. Әртүрлі әскери бөлімдерден келген қатысушылар өзекті сауалдарын ортаға салып, оларды шешу жолдарын бірлесіп талқылады.
Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға әскери педагогика және психология кафедрасы бастығының орынбасары полковник Руслан Белялов әзірлеген көрнекі сабақтар ұсынылды. Онда дағдарыс жағдайларында жауынгерлік қызмет атқаратын сарбаздардың моральдық-психологиялық ахуалы нақты мысалдар арқылы көрсетіліп, әскери ортадағы психолог мамандардың рөлі мен маңызы айқындалды.
Ұлттық ұлан академиясы бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары полковник Ерден Балғымбаев атап өткендей, мұндай жиындар – тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды талқылауға, бір-бірінен үйренуге таптырмас алаң.
«Әскерде әр мамандықтың өзіндік орны бар. Сол қатарда тәрбиешілердің де маңызы зор. Әсіресе дағдарыс жағдайында жауынгердің жан дүниесін қалпына келтіруде психологтар мен тәрбиешілердің еңбегі баға жетпес» – деді ол.
Жиынның бағдарламасы тек кәсіби дайындықпен шектелмей, қатысушылардың рухани әрі мәдени танымын арттыруды да қамтыды. Сол себепті түскі үзілістен соң ұландық әскерилер Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, өңірдің бай тарихымен, мәдени мұрасымен және маңызды оқиғаларымен танысты. Музей қызметкерлері қонақтарға тың деректер мен қызықты фактілерді ұсынып, Қазақстан тарихының солтүстік өлкедегі іздерін кеңінен баяндап берді.
Осы іс-шарадан кейін әскердің бас тәрбиешісі Қайрат Жарылқасынұлы оқу-әдіс-темелік жиынды қорытындылады. Ол тәрбиешілерге қолға алған жұмыстарды жетілдіруді тапсырды. Сондай-ақ әскерде қылмыс атаулыны болдырмау, жеке құрамның әскери тәртібін қатаң бақылауда ұстау керегін баса айтты.
Оқу-әдістемелік жиын үш күнге ғана созылса да, оның мәні зор болды. Бұл жиын офицер-тәрбиешілерге жаңа білім мен тәжірибе ғана емес, жаңа серпін сыйлады. Кездесудің басты ерекшелігі – әскер мен қоғамның бірлігінде. Азаматтық қоғам өкілдері мен офицер-тәрбиешілердің бірлескен еңбегі сарбаздардың жан дүниесіне әсер етудің, патриотизмді күшейтудің жаңа үлгісін көрсетті. Әр офицер бұл жиыннан кейін өз бөлімінде тек бұйрық беруші ғана емес, рухани ұстаз, жас сарбаздың тәлімгері ретінде қызметін жалғастыратыны анық.
Айта кетейік, тәрбиешілерді тәжірибелік дайындықтан өткізу барысында барлығы 14 нұсқаулық-әдістемелік сабақ, 2 тәжірибе алмасу сабағы, 2 тренинг өткізілді. Сонымен қатар 5573, 6654, 5518, 6505, 6697, 7552, 6655 әскери бөлімі командирлерінің орынбасарлары дайындап әкелген баяндамалар тыңдалды.
Ұлттық ұлан – елдің қорғаны. Ал сол қорғанның жүрегін сақтайтын офицер-тәрбиешілердің еңбегі – әрқашан құрметке лайық.
Қатардағы Маржан ТАЛАПКЕР, Петропавл қ.