Астанада тұңғыш рет боччадан Astana 2025 World Boccia Challenger халықаралық жарысы өтуде. Сайыс халықаралық бочча федерациясының (BISFed) қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Турнирде әлемнің 12 елінен келген спортшылар бақ сынайды. Жарыстағы көрсеткіштеріне байланысты оларға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиадаға қатысу үшін рейтингтік ұпайлар беріледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жалауы желбіреген іргелі сайыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.
Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлкен көңіл бөліп отырғанына және бұл бағыттың негізгі басымдықтарына назар аударды.
Сондай-ақ Федерация президенті Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған ірі халықаралық жарыстың маңызына тоқталып, турнирге Корея, Сингапур, Үндістан, Италия, Иран, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Кипр, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдерден келген 56 үздік спортшы қатысып жатқанын айтты. Мұндай ауқымды іс-шара елімізде паралимпиадалық спортты дамыту және баршаға тең мүмкіндік жасау жолында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі екені анық.
«Қазақстанның инклюзия, теңдік, құрмет пен ерік-жігер дәріптелетін жаһандық қоғамдастықтың белді өкіліне айналғанын мақтан тұтамыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде параспортты дамытуға және бұл саланың қоғам үшін маңызы зор екеніне үнемі баса мән беріп келеді. Бүгінде Қазақстанда параспортшыларға өз әлеуетін іске асырып, мақсаттарына жету үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл ретте «World Boccia Challenger» турнирі де елімізде параспортты және инклюзия мәдениетін ілгерілетуге ықпал етеді деп сенеміз», – деді, Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар беделді сайысты Қазақстанда өткізуді ұйғарғаны үшін Халықаралық бочча федерациясына және осы іске атсалысқан командаға алғыс білдірді.
Айта кетейік, елде параспортты дамыту бойынша Туризм және спорт министрлігі жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Жаңа редакциядағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға «мүгедектігі бар спортшының алып жүрушісі» деген ұғым енгізілді. Бұл І топтағы мүгедектігі бар спортшыларға спорттық іс-шараларға қатысу кезінде көмек алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, осы айда Орталық Азияда алғаш рет Азия Паралимпиадалық комитетінің Конференциясы мен Бас Ассамблеясы өтті. Бүгінде елімізде 19 паралимпиадалық спорт түрі белсенді дамып, жыл сайын 800-ден астам іс-шара ұйымдастырылады.
Турнир Қазақстан бочча федерациясының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен өтуде.