Қарағанды облысы жұмысшы мамандықтарының дамуына баса назар аударып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тамыз конференциясында өңір педагогтары кадр даярлауды өндіріс сұраныстарына барынша жақындату жолдарын талқылады. Бүгінде облыстағы 38 колледжде дуальді оқыту енгізілген. Енді бұл тәжірибені кеңейтіп, білім беру өндіріс талаптарына толық сәйкес келуі көзделуде. Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында бұл мәселе ерекше өзекті.
– Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы кәсіби-техникалық білім берудің маңызын арттыруға серпін беріп, өндіріс пен білім беру жүйесі арасындағы әріптестікке жаңа қарқын береді, – деп атап өтті өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев. – Алдымызда тұрған міндет – сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытумен толық қамту, 2029 жылға дейін дуальді оқытудың үлесін 50 пайызға жеткізу және 2026 жылдың соңына дейін WorldSkills стандарттары бойынша бағалау жүйесін енгізу.
Автобустар мен арнайы техника шығаратын QazTehna зауыты Білім мен өндірістің тиімді ықпалдастығына мысал ретінде келтірілді. Мұнда кадр даярлаудың кешенді моделі жасалған: мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру, студенттерге дуальді оқыту, бакалавриат бағдарламалары және қызметкерлерге арналған корпоративтік оқыту. Студенттердің білім алуы тікелей өндірістік үдеріс барысында өтеді, ал тәлімгерлер ретінде зауыттың тәжірибелі мамандары қатысады. Кәсіпорын 160-тан астам мақсатты грант жүзеге асырды, серіктестері ретінде өңірдің жетекші колледждері мен университеттері тартылды.
– Біздің мақсатымыз – заманауи құрал-жабдықтарда жұмыс істеуге дайын мамандарды қалыптастыру, – дейді кадр даярлау жөніндегі инженер Жанетта Адаханова. – Осы мақсатта ЖОО және колледждермен бірлесіп жаңа білім беру бағдарламалары әзірленді. Олардың қатарында автомобиль жасау бағыты бойынша бакалавриат және автокөлік сырлаушыларының дайындығы бар. Біздің білім мен өндірісті біріктіру моделіміз басқа кәсіпорындарға үлгі болуы тиіс. Өйткені кадрлар даярлығы саланың болашақтағы дамуына сай келетін бағыттарда жүргізілуде.
Өңірде 52 колледж жұмыс істейді. Мемлекеттік білім беру тапсырысының 60 пайызы техникалық мамандықтарға – металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік салаларына тиесілі. Дуальді оқыту 38 колледжде шамамен 300-ге жуық кәсіпорынмен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бес білім беру ұйымы халықаралық аккредитациядан өтті. Кәсіпорындардың сұранысына сай кадрларды мақсатты даярлау жалғасып, түлектерді міндетті жұмысқа орналастыру қарастырылған.
Сонымен қатар, Мансап орталығы ашылып, жаңа даярлық бағыттары енгізілуде. Бұдан бөлек, Қытай, Германия, Түркия, Финляндия және басқа елдермен тәжірибе алмасу жұмысы басталды.
Теміртау жоғары политехникалық колледжі базасында су шаруашылығы бойынша құзыреттер орталығы құрылуда. Ал BYD компаниясымен бірлесіп электромобильдерді жөндеу және қызмет көрсету бойынша оқу орталығын ашу жоспарланған. Балқаш технология және сервис колледжінде қонақ үй кешені форматындағы оқу зертханасы іске қосылады.
Мектеп оқушылары арасында кәсіби бағдарлау жұмыстарына да айрықша көңіл бөлінуде.