Сенаторлар Сергей Карплюк пен Бибігүл Аққожина Қостанай облысының Сарыкөл ауданына барды. Жұмыс сапары барысында парламентшілер ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, аграрлық кәсіпорындардың қызметімен және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сарыкөл ауылында сенаторлар ауылдың дамуына белсенді үлес қосып жүрген «Агро Парасат» ЖШС-іне барды. Соңғы екі жылда компания өз қаражаты есебінен спорт алаңдарын, хоккей кортын салып, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауыл көшелерін жөндеді.
Сонымен қатар депутаттар Тагиль ауылында орналасқан, бірінші репродукциялы тұқым өндіруге маманданған «Сатаев Б.Х.» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Сапар барысында денсаулық сақтау саласына да ерекше көңіл бөлінді. Сенаторлар Сарыкөл аудандық ауруханасына барып, медицина қызметкерлерімен кездесті және мекеменің өзекті мәселелерін талқылады. Сенатор Сергей Карплюк аудандық ауруханадағы кәріз жүйесінің мәселесін шешудің маңыздылығын атап өтті.
«Ауруханаға су бұру жүйесін орнату жобасын аяқтау - күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Ол кешенді шешімді және қажетті қаржыландыруды талап етеді. Бұл мәселені біз республикалық деңгейде көтереміз», - деді ол.
Өз кезегінде сенатор Бибігүл Аққожина әлеуметтік нысандарды мемлекет тарапынан қолдау маңыздылығына тоқталды.
«Ауылдағы әрбір медициналық нысан - тұрғындар үшін өмірлік маңызды ресурс. Мұндай инфрақұрылымдық жобаларды кейінге қалдыруға болмайды, себебі олар халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді», - деді ол.
Сапар қорытындысында парламентшілер аудандық мәслихат депутаттарымен және жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесіп, аурухана ғимаратын жөндеу, су бұру жүйесін жетілдіру және жобалық-сметалық құжаттаманы қаржыландыру мәселелерін талқылады. Сенаторлар жұмыс сапары барысында көтерілген барлық ұсыныс пен проблема алдағы бюджет қалыптастыру және заң шығару қызметінде ескерілетінін атап өтті.