Абай облысында энергетика дамып келеді: ЖЭК-тен бастап желілерді жаңғыртуға дейін

1507
Фотосурет: Gov

Семей қаласында ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек жергілікті тұрғындармен кездесті. Ол энергетика саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағыттары – энергетикалық қауіпсіздік, инфрақұрылымды жаңарту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту шаралары туралы айтты. Әсіресе Абай облысында іске асырылып жатқан және алдағы жобаларға тоқталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Семейдегі негізгі мәселе – жылу тапшылығы мен орталықтандырылған ыстық судың жоқтығы. Вице-министрдің айтуынша, бұл проблеманы шешу үшін жаңа ЖЭО-3 салу жоспарланған. Ол заманауи жылу көзіне айналып, жылу қуаты 1060 Гкал, электр қуаты 360 МВт болады. Бұл жоба Семейдің оң жағалауындағы жылу тапшылығын жойып, тұрғындарды жыл бойы орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қаладағы жылу желілерінің тозуы да өзекті мәселе. Биыл 11,8 млрд теңгеге 23 жылу көзі мен 26 шақырым жылу желісі жаңартылып, жөнделуде. Алдағы жылдары тағы 53 шақырым желі жөнделмек. Осы жұмыстар тозу деңгейін қазіргі 59%-дан 49%-ға дейін төмендетеді. Құдайберген Арымбек барлық жөндеу жұмыстары уақытында аяқталуы тиіс екенін атап өтті.

Жаңартылатын энергия көздері де дамып келеді. Облыста бір күн электр станциясы мен қуаты 160 МВт болатын жеті жел электр станциясы жұмыс істейді. Алдағы уақытта Семей мен Жаңасемей аудандарында тағы екі жел станциясы салынады. Сонымен қатар аймақты газдандырудың екі нұсқасы қарастырылып жатыр.
«Бұл жобалар облыстың энергияға тәуелсіздігін арттырып, экологияны жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуына жол ашады. Тұрғындардың көтерген барлық мәселелері бақылауға алынады», – деді Құдайберген Арымбек.

Кездесуде тұрғындар электрмен жабдықтау, тарифтер, жылу жүйесінің сенімділігі туралы сұрақтар қойды. Барлық өтініштерге түсініктеме беріліп, жиын ашық әрі сындарлы өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -