Түркістан облысы коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасын күшейтуде

1562
Фотосурет: Gov

Түркістан облысында коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Бүгін Сауран ауданындағы коммуналдық мекемелерге 12 трактор тіркемесімен, 2 жүк тиегіш, 12 трицикл, 1 су сорғыш техникалары табысталды. Жалпы саны 27 арнайы техниканы сатып алуға облыстық бюджеттен 250,0 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сауран аудан, Шорнақ ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, алдымен, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік грант есебінен кәсібін бастаған жас кәсіпкерлердің өнімдері жәрмеңкесін аралап көрді. Сонымен қатар облыс әкіміне ауданда тазалық жұмыстарына бағытталған коммуналдық техникалардың жұмыс істеу барысы таныстырылды.

Нұралхан Көшеров коммуналдық сала қызметкерлеріне жаңа техникалардың кілттерін табыстап, халық игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

– Өздеріңізге мәлім, бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» акциясын бастағанбыз. Осы жалпыұлттық акцияға алғашқы күннен бастап белсене қатысып келе жатқан әрбір азаматқа шын жүректен алғысымды білдіремін. Президентіміз «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені, «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз», деген болатын. Бүгін тазалық жұмыстарын жүргізу, тұрғындардың өмір сапасы мен ауыл тазалығын жақсарту мақсатында ауданға 27 техниканы табыстағалы отырмыз. Бұл жаңа техникалар коммуналдық қызметтерді жаңартып қана қоймай, ауданның таза әрі көрікті болуына өз септігін тигізеді. Ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Қазақстанымыз таза әрі қуатты болып, дами берсін! – деді облыс басшысы.

Айта кетейік, ауданда абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу үшін жалпы 39 техника пайдалануға тапсырылды. Нақтырақ айтқанда, коммуналдық мекемелер 12 трактор тіркемесімен, 3 жүк тиегіш және 15 трицикл, 1 қоқыс тасығыш, 2 әмбебап трактор, 1 эксковатор, 2 камаз, 3 уаз техникасымен қамтамасыз етілді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс аумағындағы коммуналдық мекмелерді заманауи техникалармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -