Ербол Мырзабосынов 2025 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған семсерлесуден Ұлттық құрамамен кездесті. Министр спортшыларды тарихи жетістіктерімен құттықтады. Қазақстан командасы сапында өнер көрсеткен Элмир Алимжанов, Вадим Шарлаимов, Кирилл Проходов және Руслан Курбанов тоғыз дүркін Олимпиада чемпиондарын сенімді түрде жеңді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ведомство басшысы Қазақстан семсерлесу федерациясының Президентіне, мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасовқа алғыс білдірді. Сонымен қатар, министр ұлттық құраманың табысқа жетуіне айрықша үлес қосқан кеңесші бапкер Олександр Горбачукты атап өтті. Ол өткен жылы Федерацияның шақыруымен келген болатын. Еске сала кетейік, оның жетекшілігімен Жапония құрамасы Токио мен Париж Олимпиадасының, сондай-ақ 2018 және 2022 жылдардағы Азия ойындарының чемпиондары атанған болатын.
«Семсерлесу федерациясының жетістіктері Мемлекет басшысының тапсырмаларының нақты іске асып жатқанын айқын дәлелдеуде.
Яғни халықаралық жаттықтырушылық тәжірибені енгізу, отандық бапкерлер мен спортшылардың біліктілігін арттыру, Қазақстан үшін жаңа спорт бағыттарын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Қазақстан семсерлесу федерациясы үлгілі спорт ұйымдарының біріне айналды. Жоспарлы жұмыстың арқасында Ұлттық құрама әлемнің үздік 5 командасының қатарына енді. Спортшыларымыздың жетістіктері отандық спортқа жаңа леп әкелуде», – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр сондай-ақ қосалқы спортшы Ерлік Сертайдың да үлесін атап өтіп, жеңіске жету жолында әрбір команданың мүшесінің рөлі маңызды екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық құрама 2023 жылғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанып, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында алтыншы орыннан көрінген болатын.