Ағымдағы жылдың басынан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті өңірдегі мемлекеттік органдарда 46 тексеріс жүргізді. Бақылау іс-шаралары барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама мен қызметтік әдеп нормаларын бұзудың 382 фактісі анықталды. Тексерістердің нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында 22 ұсыныс енгізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Талдау нәтижелері мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар негізгі бағыттар бойынша белгіленген талаптардың жүйелі түрде сақталмайтынын көрсетеді. Атап айтқанда, іссапар шығындарын өтеу тәртібін бұзу бойынша – 52 жағдай, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану рәсімдерін бұзу бойынша – 51 жағдай, сондай-ақ конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бұзу бойынша – 42 жағдай тіркелген.
Жүргізілген тексерістердің нәтижесінде 26 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Заңдылықты қалпына келтіру мақсатында мемлекеттік органдардың қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып қабылдаған 23 шешімі мен актісі күшін жойды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 88 анықталған заң бұзушылық жойылды.
Ақмола облысының ветеринария басқармасында жүргізілген тексеріс нәтижесінде мемлекеттік орган қызметкерлеріне іссапар шығындарын заңсыз төлеу фактілері анықталды. Департаменттің талабы бойынша 450 424 теңге көлеміндегі қаражат қайтарылды. Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты аталған басқарманың 6 мемлекеттік қызметшісі әртүрлі жауапкершілік түрлеріне тартылды.
Департамент енгізген ұсыныстарды қарау нәтижесінде өздерінің заңды құқықтарын қорғау мақсатында жүгінген 49 мемлекеттік қызметші мен азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілгенін атап өткен жөн.
Атап айтқанда, қабылданған шаралар аясында заңнама талаптарына сәйкес келмейтін конкурстық комиссия мен кадр қызметінің 3 шешімі күшін жойды. Сондай-ақ, тәртіптік жаза қолдану туралы 9 актінің күші жойылды. Еңбек құқықтарын қалпына келтіру мақсатында 21 мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері берілді, 13 қызметкерге еңбек демалысы төлемдерінің кешіктірілгені үшін өсімпұл төленді, ал 2 қызметкерге мереке және демалыс күндері жұмысқа тартылғаны үшін өтемақы төленді.
Департамент енгізген ұсыныстар анықталған заң бұзушылықтарды жоюға және мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге ықпал етті. Сонымен қатар, жүргізілген талдау нәтижелері мемлекеттік органдар тарапынан профилактикалық жұмысты күшейту және бақылау функцияларының тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді.