ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру және мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мақсатында жүйелі талдау жүргізуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Көлік саласында жүргізілген талдау барысында «Теміржол көлігі саласында қауіпсіздік сертификатын беру» атты жасырын қызмет анықталды.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға сәйкес жасырын мемлекеттік көрсетілетін қызмет – мемлекеттік көрсетілетін қызметтің өлшемшарттарына сай келетін, бірақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілмеген мемлекеттік функция. Мұндай функцияның мемлекеттік көрсетілетін қызметтер қатарына енгізілмеуі қызмет алушылардың құқықтарын қорғауда, осы рәсімнің кейін дамуына, цифрландырылуына, жетілдірілуіне, барынша ашық болуына едәуір кедергі келтіреді.
Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларына сәйкес мүдделі кәсіпкерлік субъектілері уәкілетті органға қағаз жүзінде өтініш пен құжаттар тізбегін тапсырып, қауіпсіздікті басқару жүйесінің аудитін өткеннен кейін нәтижесін күткен. Яғни, әкімшілік рәсім толығымен жасырын мемлекеттік көрсетілетін қызмет ұғымының өлшемшарттарына сәйкес келеді.
Сол себепті Департамент аталған функцияны мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізу туралы ұсыныс жолдады. Аталған ұсыныс жоғары тұрған мемлекеттік органның қолдауын тауып, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2025 жылғы 6 мамырдағы № 203/НҚ бұйрығымен «Теміржол көлігі саласында қауіпсіздік сертификатын беру» функциясы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілді.
Бұл шара қауіпсіздік сертификатын алуға міндетті кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, олардың мүдделерінің бұзылуын болдырмауға, қызмет көрсету мерзімдерін нақты белгілеуге, рәсімдерді барынша жетілдіруге, цифрландыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал етеді деп есептейміз.