«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы Үкімет отырысында ұсынылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қаржы министрі Мәди Такиев құжаттың негізгі параметрлері туралы баяндады.
Алдағы жоспарлы кезеңге арналған Заң жобасы елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы (2026–2028 жылдарға арналған) негізінде әзірленген.
«2026 жылға түсімдер 2028 жылға қарай 27,6 трлн теңгеге дейін артып, 23,1 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 12,6%-ын құрайды. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2,8 трлн теңге мөлшерінде белгіленді. Бюджет тапшылығы 2026 жылғы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-ынан 2028 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 0,9%-ына дейін кезең-кезеңімен төмендету жоспарлануда. 2026 жылғы кірістер мен бюджет тапшылығын есепке алғанда шығыстар осы жылдың жоспарымен салыстырғанда 2 трлн теңгеге және 2028 жылға қарай 29,7 трлн теңгеге дейін артып, 27,7 трлн теңгені құрайды. 2026 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстарын осы жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр. Келесі жылдың бюджеті алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді пайдаланбай теңгерімделді және нақты сектордағы мемлекеттік қолдау шараларының едәуір өсуімен әлеуметтік бағдарланған күйінде қалды» Қаржы министрі Мәди Такиев
Бұл ретте шығыстарды оңтайландыру және басымдық беру бойынша жұмыс жүргізілген. Жалпы шығыстарға ағымдағы базалық шығыстардың үлесі 15%-дан 12,3%-ға дейін төмендеді. Бюджет әлеуметтік бағдарланған күйінде қалды.
Министрдің мәліметінше әлеуметтік салаға арналған шығыстар деңгейі бірқатар шығыстарды қайта қарау арқылы шығыстардың жалпы көлемінің 38,7%-ын құрады. Оңтайландырылған шығыстар нақты секторға қайта бағытталған. Экономиканың өсуін ынталандыратын шығыстар 10,9%-дан 16,1%-ға дейін ұлғайып, 4 трлн 470 млрд теңгені құрады, бұл жалпы сипаттағы трансферттің құрамында базалық инфрақұрылымды дамытуға арналған шығыстарды беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірлердің дамуына тікелей әсер ететін елдік жобаларға «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы арқылы 1 трлн теңге мөлшерінде қаражат бөлу жоспарланып отыр.
Ведомство басшысының айтуынша әлеуметтік саланың шығыстары 10 трлн 725 млрд теңгені құрады. Бұл шығыстарда әлеуметтік төлемдерді 10%-ға индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің 288 мың адамға өсуі ескерілген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын есептеу үшін медианалық жалақы қолданылды. Стипендияны көтеруге, сондай-ақ білім алушылар контингентін 19 392 адамға ұлғайтуға шығыстар жоспарланды.
«2026 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға арналған бюджет шығыстары 3 трлн 626 млрд теңгені құрайды. Өсім өндірісті, экспортты және кәсіпкерлікті ынталандыру шараларын кеңейту есебінен қамтамасыз етілетін болады. Аграрлық өнеркәсіптік кешенді субсидиялауды, сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуды қоса алғанда, агроөнеркәсіптік кешенге 732 млрд теңге бағытталады. Қаржыландыру азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және саланы технологиялық жаңартуға бағытталған. Республикалық бюджетте көліктік инфрақұрылымға 855 млрд теңге көлемінде шығыстар көзделген. Бұдан бөлек, мемлекеттік кепілдік беру тетігі арқылы республикалық жолдарды салуға 580 млрд теңге қаражат қарастырылған. Алғаш рет энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған шығыстар бюджет арқылы ғана емес, сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екінші деңгейлі банктердің, Қазақстан Даму Банкінің және жергілікті атқарушы органдардың қаражатын тарту арқылы да жүзеге асырылатын болады» Мәди Такиев
Министр 2026 жылға күштік блок шығыстарына 3 трлн теңгеден астам қаржы көзделгенін, жалпы шығыстардағы үлесі шамамен 11%-ды құрайтынын атап өтті.
«Бұдан бөлек, республикалық бюджет жобасында 2026 жылға арналған субвенция көлемі 5,1 трлн теңгені құрайды, 2027 жылы – 6,4 трлн теңге, 2028 жылы – 6,8 трлн теңгеге артады. Жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет параметрлері теңгерімделген. Үкімет Аппаратымен бірлесе отырып, заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу үшін әзірленетін болады» Мәди Такиев