Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндама жасаған энергетика министрі Ерлан Ақкенженов энергия көздері мен жылу желілерінің дайындығы және көмірмен қамтамасыз ету мәселесін қозғады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оның мәлімдеуінше, алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес, биыл электр стансаларындағы 10 энергия блогын, 63 қазандықты және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған.
«Бүгінде 4 энергия блогы, 31 қазандық және 20 турбинада жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары түрлі кезеңде тұр. 5 энергия блогы, 22 қазандық және 12 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Энергия көздері бойынша жөндеу жұмыстары бойынша 376,7 млрд теңгені игеру жоспарлануда, бұл өткен жылғы деңгейден 13%-ға жоғары» Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов
Аймақтық электржелі компаниясының жалпы ұзындығы 17 мың шақырым электр беру желілерін, қосалқы 420 стансаны, 3,5 мың тарату пунктін және трансформаторлық қосалқы стансаны жөндеу жоспарланған.
Электр беру желілерінің 77%-ы, қосалқы стансалардың 68%-ы және тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы стансалардың 73%-ы жөнделді.
Жылумен жабдықтау желілерінде 323 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жұмыстың 215 шақырымы немесе 66%-ы орындалды. Барлық жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталады.
«Биылғы 7 айда электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар 944 жағдайға дейін, яғни 11%-ға төмендеді. Сонымен қатар «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-да және «АлЭС» АҚ 3-ші ЖЭО-да технологиялық бұзушылықтар артқан» Деп түсіндірді министр
Оның айтуынша, көрсетілген технологиялық бұзушылықтар бойынша Энергетикалық қадағалау комитеті құзыреті шеңберінде тиісті тексеру жүргізді және осындай жағдайлардың қайталануының алдын алу үшін ұсынымдар берген.
Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,4 млн тонна көмір, бұл өткен жылдың деңгейінен 9%-ға артық және 131,9 мың тонна мазут жинақталған, бұл өткен жылдың деңгейінен 32%-ға артық. Сонымен қатар «Севказэнерго» АҚ 2-ші ЖЭО-да көмір қоры нормативтік мөлшерден төмен.
«Министрлік қыркүйек айынан бастап 257 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазутты жеткізу графигін бекітті. Шарттар жасауды және отынның тиісті қорын қамтамасыз етуді жеделдету қажет. Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 17,8 млрд теңгені құрайды» Ерлан Ақкенженов
Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында 94 млн теңге көлемінде берешегі бар. 323 шақырым жылу желілерін күрделі жөндеу және реконструкциялау үшін 2025 жылға 129,4 млрд теңге, оның ішінде: 104,2 млрд теңге бюджет қаражаты және кәсіпорындардың тарифтік сметасы шеңберінде 25,2 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда орындау 66%-ды құрайды.
Биыл шұғыл шаралар қабылдау үшін Үкімет резервінен 47,6 млрд теңге көлемінде жылу көздері мен жылу желілерін салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге қаражат бөлінді, оның ішінде:
- жылу көздерін салуға 20 млрд теңге;
- жылу көздерін жөндеуге және реконструкциялауға
- 8,7 млрд теңге;
- жылу желілерін жөндеуге 5,5 млрд теңге;
- жылу желілері бойынша бюджеттік инвестициялық жобаларға 13,4 млр теңге қарастырылған.
- Көмір өндіруші кәсіпорындар биылғы 7 айда 61,4 млн тонна көмір өндірді, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 2,2 млн тонна, энергетикалық кешендерге 37,4 млн тонна, өнеркәсіп кәсіпорындарына 1,6 млн тонна жөнелтілді, экспортқа 18,2 млн тонна жіберілді.
- Барлық өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«Көмірмен қамтамасыз етуге келетін болсақ, нақты орындау мерзімдерін көрсете отырып, халық пен бюджеттік ұйымдардың көмірге қажеттілігін қалыптастыру жөніндегі жоспар әкімдіктерге орындауға берілді. Мәселен, алдағы жылыту маусымына көмір өніміне қажеттілік шамамен 7,7 млн тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда шамамен 2,2 млн тонна жеткізілді, бұл жылдық жоспардың 29%-ы» Ерлан Ақкенженов
Әкімдіктердің мәліметінше, оны өткізу орындарындағы көмірдің жалпы қоры 434 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар миничтр өз сөзінде әкімдіктерде қорларды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілмейтінін, дегенмен, қазір өңірлердің көмірді алдын ала дайындауы бойынша белсенді кезең жүріп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ барлық өңір әкімдіктері қорларды ұлғайту жұмыстарын әрі қарай жалғастыруы қажет.
«Жалпы, көмір өндіруші кәсіпорындар мен ҚТЖ жоспарларға сәйкес өңірлерге көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын. Алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін Министрлік слайдта көрсетілген барлық техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырды. Энергетика министрлігі энергетикалық кәсіпорындарды алдағы күзгі-қысқы кезеңге сапалы дайындау бойынша жұмысты жалғастырады»