Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстандағы Азия даму банкінің (АДБ) өкілдігінің директоры Кумар Утсавпен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
АДБ – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. 30 жылға жуық ынтымақтастық кезеңінде Банк көлік, энергетика, цифрлық даму, тұрғын үй инфрақұрылымы және әлеуметтік саладағы жобаларды $7,5 млрд-тан астам сомаға қаржыландырды. Қолданыстағы портфельде ел үшін маңызы зор жобалар бар, олардың қатарында «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолын қайта жаңарту, «Қызылорда – Павлодар – Үспен – РФ шекарасы» трассасының «Қызылорда – Жезқазған» учаскесі бар.
Тараптар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясындағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысын және жаңа бастамаларды талқылады. Олардың ішінде «Сарыағаш қаласын айналып өтетін автожол құрылысы», «Инклюзивті және жасыл тұрғын үй қаржыландыруға жәрдемдесу» жобасы, сондай-ақ Фискалдық басқару бағдарламасы мен қаржы секторының реформасы бар.
Әсіресе Қарағанды, Ақтөбе және Семей қалаларында университеттік ауруханалар салу жобаларының әлеуметтік маңыздылығы атап өтілді.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыты – Қазақстанның Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) бағдарламасына белсенді қатысуы. Қазақстан бағдарламаға 2001 жылы қосылып, негізінен көлік саласындағы 32 жобаға $10 млрд тартты. Бағдарламаға 11 мемлекет пен халықаралық институттар, соның ішінде АДБ, ЕҚҚДБ, ХВҚ, ИДБ, БҰҰДБ, Дүниежүзілік банк және АИИБ қатысады.
Кездесу барысында қатысушылар 20 қарашада Бішкекте өтетін Министрлік конференциясына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Бұл іс-шара жылды қорытындылап қана қоймай, ОАӨЭЫ-ның болашақтағы басымдықтарын айқындайды, сондай-ақ көлік пен транзитті дамыту мәселелері жөніндегі жаһандық диалогтың ажырамас бөлігіне айналады» Серік Жұманғарин
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан экономикасының орнықты дамуына бағытталған әріптестікті нығайтуға және бірлескен жобаларды кеңейтуге дайын екенін растады.