Өскемен қаласында «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Баланы мектепке даярлайық!» республикалық акциясы жалғасын тапты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Игі шараның негізгі мақсаты – көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға көмек көрсету. «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалында өткен акция барысында әлеуметтік осал топтағы оқушыларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкелер табысталды.
Сөмкелердің ішінде дәптер, түрлі-түсті қаламдар, сызғыш, сурет дәптері, ұштағыш, желім, өшіргіш сынды кеңсе тауарлары бар. Мұндай қайырымдылық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Акция барысында балалардың қуанышы мен шат күлкісі біздің ең үлкен жетістігіміз болды. Қайырымдылыққа үлес қосқысы келетін азаматтардың қатары өңірімізде жыл санап артып келеді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрайымы Сайрангүл Жұмаділова
Акция аясында Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің отбасылары да қамтылды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің 11 әскери қызметшісінің балалары оқу құралдарына ие болды.
Күз жақындағанда әр ата-ана үшін баласын мектепке дайындау үлкен жауапкершілік. Бүгінгі шара арқамыздағы салмақты азайтты. Балаларымның қуанышын көріп, ризашылық сезімде отырмын. Ендігі тілегім – олар жақсы оқып, биік жетістіктерге жетсе екен, – деді 6699 әскери бөлімінің 3-атқыштар ротасының аға бақылаушысы, кіші сержант Аслан Нұрғалиев.
«Мектепке жол» акциясы елімізде қатарынан он бес жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Еске салайық, әскери бөлім жауынгерлері қызметшілері Өскемен қаласындағы түзеу мекемелеріндегі қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етеді.