Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев шахматтан Қазақстан Парламенті Сенатының ашық кубогы – «Senat Open» турнирінің финалдық кезеңінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Іріктеу сындарынан бастап аталған сайысқа бүкіл ел бойынша 3000-нан астам әуесқой шахматшы қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Палата Спикері шешуші сайысқа қатысу үшін барлық өңірден келген шахматшыларды құттықтай отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары елімізде аталған ойынды дәріптеуге, кәсіби және әуесқой деңгейлерде дамытуға тиісті жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шахматты дәріптеуге үлкен мән беріп келеді. Бүгінде Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттер аясында бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Шахматты дамытуға арналған 2027 жылға дейінгі кешенді жоспар әзірленіп, қабылданды. Парламент Сенаты мен Қазақстан шахмат федерациясы бірлесіп ұйымдастырған осы турнир де – сол бағытта жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі. «Senat Open» сайысы осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Уақыт өткен сайын сайысқа қызығушылардың қатары артып келеді. Мұндай жобалар ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға және мемлекеттік басқару сияқты маңызды салаларда қажетті қабілеттерді шыңдауға жол ашады деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Айта кетейік, турнирдің алғашқы кезеңі 21 ақпан мен 27 мамыр аралығында еліміздің барлық облысында өтті. Соның аясында 20 іріктеу туры ұйымдастырылды. Екінші кезеңде өңірлер бойынша бес жартылай финал өткізілді. Атап айтқанда, бұл сында қатысушылар 25 маусымда – Түркістанда (Оңтүстік), 29 маусым – Семейде (Орталық), 4 шілдеде – Көкшетауда (Солтүстік), 23 шілдеде – Оралда (Батыс) және 9 тамызда Талдықорғанда (Шығыс) өзара мықтыны анықтады. Солардың арасынан 215 шахматшы финалға жолдама алды.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Өз кезегінде Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов осындай жобалар шахматшылардың кәсіби шеберлігін арттыру, тәжірибе алмасу және қатысушылардың кәсіби байланыстарын нығайту үшін тың мүмкіндік екенін тілге тиек етті.
«Қазіргі таңда біздің турниріміз тұрақты түрде дамып, ілгерілеп келеді. Бұл – Парламент Сенаты мен Шахмат федерациясының бірлесіп атқарған жұмысының нақты нәтижесі. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар осы жолда үлкен жауапкершілік пен табандылық танытты. Біз үшін аталған жоба ерекше маңызға ие. Өйткені оның айқын мақсаты және әлеуметтік миссиясы бар. Бұл бастама кәсіби байланыстар мен жеке достықты нығайтатын алаңға айналды. Сондай-ақ халыққа жоспарлау, құрметтеу, көшбасшылыққа ұмтылу сияқты құндылықтарды насихаттайтын платформа ретінде қалыптасты», – деді Тимур Турлов.
Ашылу рәсімінде айтылғандай, шахматты дәріптеу аясында биыл мектеп бағдарламасына жаңа мәдениет пен аналитикалық дағдыларды қалыптастыруға және жан-жақты дамуға ықпал ететін «Шахмат негіздері» пәні енгізілген. Аталған бастама 60 мыңнан астам оқушыны қамтымақ.