Қазіргі цифрлық қоғамда мемлекеттік органдар азаматтар алдында тек әкімшілік емес, сонымен қатар ақпараттық жауапкершілік те атқарады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осы жауапкершіліктің негізгі құралдарының бірі - ресми интернет-ресурстар, олар сенімді әрі жедел ақпарат көзі ретінде қызмет етуі тиіс. Бұл ашықтықты, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сенімділік деңгейін арттырады және жалған ақпаратпен күресуге көмектеседі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті өңірдегі жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарына талдау жүргізді. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері үшін семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында анықталған кемшіліктер қарастырылып, ресми сайттардың ақпараттық ашықтығын арттыру және сапасын жақсарту жолдары талқыланды.
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде кадрлық қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпаратты интернет-ресурстарда орналастыруға міндетті, бұл ретте орналастыру және жаңарту күні көрсетілуі тиіс. Талдау барысында ақпараттың орналастырылмауы немесе оның өзектілігінің болмауына байланысты бұзушылықтар анықталды, бұл азаматтардың қызықтыратын мәліметтерге қол жеткізуін едәуір қиындатады.
Атап айтқанда, көптеген мемлекеттік органдардың әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын жарияламайтыны анықталды. Сонымен қатар, орналастырылған нормативтік құқықтық актілердің бірқатары өзектілігін жоғалтқан, бұл олардың ақпараттық құндылығын төмендетеді. Сондай-ақ, бос лауазымдарды иелену мәселелері бойынша азаматтарға кеңес беруге уәкілетті кадр қызметкерлерінің байланыс деректерінің болмауы тіркелді. Кейбір жағдайларда ақпарат толық емес немесе бұрмаланған түрде ұсынылған, бұл кадрлық ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігіне теріс әсер етеді.
Жүргізілген талдау аясында Әдеп жөніндегі уәкілдер туралы міндетті ақпараттың болуын тексеруге ерекше назар аударылды. «Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ережеге» сәйкес, мұндай мәліметтерге аты-жөні, фотосуреті, кабинет нөмірі және байланыс телефоны жатады. Көрсетілген ақпарат мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында, сондай-ақ әкімшілік ғимарат ішінде келушілерге қолжетімді орындарда орналастырылуы тиіс. Талдау барысында кейбір мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында бірқатар міндетті мәліметтердің жоқ екені анықталды. Атап айтқанда, азаматтарды қабылдау кестелері, кабинет нөмірлері, сондай-ақ кері байланыс үшін арналған электрондық почта мекенжайлары орналастырылмаған. Сонымен қатар, ескірген ақпараттың орналастырылған жағдайлары да анықталды, бұл ұсынылатын деректердің толықтығы мен шынайылығына теріс әсер етеді.
Семинар қорытындысы бойынша Департамент тарапынан анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсынымдар енгізілді. Интернет-ресурстарда орналастырылған ақпаратқа қатысты анықталған кемшіліктер мемлекеттік органдар қызметінің ақпараттық ашықтығын, айқындығын және азаматтар үшін мәліметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді әрі жүйелі жұмыстың қажеттілігін көрсетеді.