Ұлттық ұландықтар үздіктерден үйренуде

1254
Фотосурет: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Алғаш рет Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік  қолбасшылығы аясында үш облыстың әскери қызметшілері Кайл Лэмбтің «Көлеңкедегі лидерлік – Арнайы мақсаттағы сарбаз» атты кітабына арналған семинарға қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұған дейін барлық офицерлер мен командирлерге аталған еңбекті алдын ала оқып шығу тапсырылған болатын.

Әрқайсысы кітаптан өзінің командирлік қызметіне қажет көшбасшылық қырларын айқындап, маңызды тұстарын зерделеді. Семинар барысында Ұлттық ұландықтар әр тарауды жан-жақты талқылап, пікір алмасты және ондағы ойларды қызметтік тәжірибемен байланыстырды. Кездесудің спикері – С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, басқарма төрағасының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ирина Владимировна Ровнякова болды.

Қатысушылардың айтуынша, бұл еңбек командирдің нағыз лидер әрі тәлімгер ретіндегі рөліне терең ой салды. Семинардың модераторы – «Шығыс» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Арман Полатұлы Сейітов. Ол әр қатысушыға кітапқа қатысты түрлі сұрақтар қойып, олардың білімі мен ой-пікірін саралады.

Ал бастамашысы – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев. Ол офицерлердің тұлғалық дамуы мен көшбасшылық қасиеттерін жетілдіру – бөлімшелердің жауынгерлік даярлығы мен бірлігінің кепілі екенін атап өтті.

Мұндай кездесулер кәсіби өсімнің жаңа көкжиегін ашады, көшбасшылықтың мән-маңызын түсінуге жол ашады және Ұлттық ұландықтарды командир де, тұлға ретінде де шыңдайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -