Ғани Бейсембаев: Оқушылардың жетістігі – елдегі 600 мың мұғалімнің еңбегінің жемісі

2453
Фотосурет: Gov

Ғани Бейсембаев қазақстандықтарды Білім күнімен құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.

1 қыркүйек – Білім күні. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде 8 мыңнан астам мектеп өз есігін айқара ашып, 4 миллионнан астам оқушы жаңа оқу жылына қадам басты. Оның ішінде 360 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев барша ұстаздарды, ата-аналарды және оқушыларды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады. 

Министрдің айтуынша, өткен оқу жылы білім саласы үшін табысты болды: 600 мыңға жуық мұғалімнің еңбегінің арқасында қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен білім сайыстарында мыңнан астам медаль жеңіп алды, оның 193-і алтын. Әр екінші қатысушы елге жеңіспен оралды.

Қазіргі таңда 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, тағы 245 ғимарат жаңартылуда. Осы нәтижесінде жарты миллионнан астам оқушы заманауи мектептерде білім алмақ.

Ел бойынша 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда жұмыс істейді.

1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бағдарламасы мен «ДосболLIKE» антибуллингтік жобасы іске қосылады.

Мектептерге бірыңғай дизайн-код енгізіліп, жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен қолдану басталады.

Жұмысшы мамандықтарын таңдаған барлық студенттер колледждерде тегін білім алады. Ал 5 колледж жетекші кәсіпорындармен және шетелдік орталықтармен бірлесе жұмыс жүргізеді.

Жаңа оқу жылында Қазақстанда маңызды халықаралық жиындар өтпек:

  • Алматыда – Бүкіләлемдік инклюзия конгресі;
  • Ақтауда – TurkSkills чемпионаты, түркі елдерінің жұмысшы мамандықтары сайысы;
  • Сондай-ақ, елімізде алғаш рет Ата-аналар комитетінің республикалық форумы ұйымдастырылады.
«Сіздердің әрқайсыңыз еліміздің болашағы үшін өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Биылғы оқу жылы оқушыларымыз бен ұстаздарымызды жаңа биіктерді бағындыруға шабыттандыратын жетістіктер мен жеңістерге толы болсын!» Ғани Бейсембаев

 Жаңа оқу жылы қазақстандық білім беру жүйесінде жаңа жобалармен, реформалармен және үлкен жоспарлармен басталды. Министр барша ұстаздарға, ата-аналарға және оқушыларға сәттілік пен толайым табыс тіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -