Әлімжан Жауынбай: Әбу-Дабидегі күмістен Фуджейрада алтынға дейін

2387
Фотосурет: KazChess

Қазақстандық 11 жасар шахматшы Әлімжан Жауынбай БАӘ-нің Эль-Фуджейра қаласында өткен халықаралық шахмат фестивалінде алтын медаль иеленді, деп хабарлайды DKNews.kz.

2200 рейтингтен төмен жас санатындағы Youth-Open турнирінде ол керемет өнер көрсетті. Әлімжан 9 мүмкін ұпайдың 8-ін жинап, 250 жас қатысушының арасынан жеке дара бірінші орынға шықты. Бұл жеңіс қазақстандық шахмат қауымдастығы үшін айрықша оқиға болды. Бұған дейін Әбу-Дабиде Әлімжан 11 жасқа дейінгі санатта күміс медаль алған еді. Енді ол жаңа белестерге нық қадам басып келеді. Фуджейрадағы жеңіс оның алдағы күзде өтетін әлем және Азия чемпионаттарына дайындығын нығайта түсті.

2025 жылғы 25 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Фуджейрада алғашқы жаһандық чемпионат өтті. Бас турнир – Superstars-та 19 елден келген рейтингі 2560 және одан жоғары 44 гроссмейстер бақ сынады. Жеңімпаз 18 жастағы үндістандық Пранаву Венкатеш болды. Ол 7 ұпай жинап, бес кездесуін жеңіп, төрт партияда тең түсті. Оның рейтингтік перфомансы – 2843. Екінші орынды 21 жастағы америкалық Брэндон Джейкобсон (6 ұпай) иеленді. Үшінші орынға 26 жастағы мексикалық Хосе Эдуардо Мартинес Алькантара жайғасты. Ал 24 жастағы ирандық Мохаммад Амин Табатабаи төртінші орынға табан тіреді.

Masters турниріне 2200–2599 рейтингті 239 шахматшы қатысты, олардың ішінде 14 қазақстандық болды. Жеңісті 16 жастағы америкалық гроссмейстер Брюингтон Хардуэй 7½ ұпаймен. Екінші орын – 7 ұпаймен 21 жастағы түрік шахматшысы Умут Ата Акбасқа, үшінші орын – ирандық Артин Ашрафқа бұйырды. Қазақстандықтар ішінде Алдияр Жауынбай, Даниял Сәпенов, Арыстанбек Оразаев және Алдияр Аңсат 6 ұпайдан жинап, 20-шыдан 36-шыға дейінгі орындарды бөлісті. 13 жастағы Алдияр Жауынбай рейтингіне 72,4 ұпай қосып, халықаралық шебер (IM) нормасын орындады. Сондай-ақ 12 жастағы Данис Қуандықұлы да 5 ұпай жинап, IM нормасын орындады.

Абу-Даби мен Фуджейрада жетістікке жеткен қазақстандық жас шахматшылар алдағы күзгі турнирлерге тыңғылықты дайындалуда. Алда – Алматыда өтетін U8–U12 кадеттер арасындағы әлем чемпионаты, Албанияда U14–U18 жастар арасындағы әлем чемпионаты, Моңғолияда мектеп оқушылары арасындағы Азия чемпионаты және Түркияда өтетін U9–U17 рапид пен блицтен әлем чемпионаты күтіп тұр. Әлімжан мен оның отандастары жоғары нәтижеге қол жеткізуді мақсат етіп отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -