1 қыркүйек күні Қарағанды облысында үш жаңа мектептің есігі айқара ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz:
оның екеуі – Балқаш
пен Қарағанды қалаларында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынса, бірі – Қарқаралы ауданының Талды ауылындағы апатты мектептің орнына бой көтерді.
Жаңа оқу жылында 175 мың оқушы партаға отырды. Олардың ішінде 15 мыңнан астамы – бірінші сынып оқушылары, ал 7 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.
Балқаш қаласының оқушыларын Білім күнімен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтап, мемлекет білім беру саласына айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Мұның жарқын дәлелі – жаңа мектептің салтанатты ашылуы болды.
– 1 қыркүйек – жаңа бастамалар мен ізденістер уақыты, тың идеялардың бастау алатын кезеңі. Бұл – ел дамуына үлес қосатын жас буынның жүрегіне білім мен тәрбиенің дәні себілетін сәт, – деді аймақ басшысы. – Құрметті оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар! Бүгін – сіздер үшін ерекше күн. Білім – баға жетпес рухани қазына, ғылымның негізі әрі мемлекеттің даму діңгегі. Жаңаға ұмтылып, үлкен жетістіктерге жетулеріңізді тілеймін. Өз білімдеріңізді ел игілігіне жаратып, жан-жақты дамыған, білімді азамат болатындарыңызға сенемін. Жаңа мектебіміз туған жерге сүйіспеншілік ұялатып, балаларды білім нәрімен сусындататын ұяға айналсын!
№12 жалпы білім беретін мектеп «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған.
Ол 900 оқушыға арналған.
Мұнда балалардың жан-жақты дамуына және сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Оқу материалын тиімді меңгеру үшін мультимедиялық техникамен жабдықталған интерактивті сыныптар, сондай-ақ оқушылар қазіргі және келешек технологияларымен таныса алатын робототехника кабинеттері қарастырылған.
Мектептің ерекшелігі – ғылым, технология, инженерия және математика бағыттары бойынша білімді меңгеруге әрі оны тәжірибеде қолдануға арналған заманауи STEM-зертханалардың болуы.
Аумақта спорт алаңдары, футбол алаңы мен балалардың белсенді демалысына арналған ойын аймақтары да бар.
Жаңа білім ордасы Балқаштағы оқушы орнының тапшылығын шешіп, заманауи әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастырды.
– Президент бағдарламасының арқасында қалада жаңа мектеп ашылып отыр. Мұғалімдер, ата-аналар, балалар бәріміз де қуаныштымыз. Бұл шамадан тыс толып кеткен екі мектептің жүктемесін азайтады, – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлзада Манатаева. – Барлық сынып оқушылармен және педагогтармен толық жасақталған. Ұстаздар арасында педагог-зерттеушілер мен педагог-сарапшылар бар. Биыл бес бірінші сынып аштық – шамамен 120 бала.
Балқаш үшін бұл – маңызды оқиғалардың бірі.
Қуаныш Аманқұлов баласын бірінші сыныпқа әкелді.
– Бүгін біз, ата-аналар, балаларымызды жаңа мектепке алып келдік. Бұл – Білім күні, қуанышты мереке. Шынын айтсақ, тек балалар мен мұғалімдер ғана емес, біз де толқып отырмыз. Өйткені бала білім жолындағы алғашқы қадамын жасап жатыр. Барша ата-аналарды, балаларды және ұстаздарды осы ерекше күнмен шын жүректен құттықтаймын, – деді ол.
11-сынып оқушысы Риза Айдамиева жаңа мектепке басқа білім ошағынан ауысқан.
– Бұған дейін №7 мектепте оқыдым. Ол мектеп те ұнайтын, бірақ мұнда мүмкіндіктер көп. Дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын, – дейді ол.
– Кабинеттерді аралап көрдік, мүмкіндіктер өте көп екен. Әр бала өз бағытын тауып, қабілетін аша алады, – деп қосты оқушы Құмарза Жарқын. – Сондықтан барлығы жақсы оқуы керек. Және тек мұнда ғана емес.
2025–2026 жаңа оқу жылын Қарағанды облысында 420 мектеп бастады. Онда 175 мыңнан астам бала білім алмақ.
Жаз бойы ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді: 30 мектепті, балабақшаны, колледжді және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығын қамтыған 33 білім беру нысанына күрделі жөндеу жасалды. Сондай-ақ 232 білім беру мекемесінде ағымдағы жөндеу жүргізілді.