Ақтауда Батыс Қазақстан өңіріндегі алғашқы позитрон-эмиссиялық томография (ПЭТ/КТ) орталығы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Орталықтың ашылуы Orhun Medical компаниясы, Маңғыстау облысының әкімдігі және ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Ядролық физика институты арасындағы серіктестіктің нәтижесінде мүмкін болды.
Орталықтың жұмысындағы негізгі элемент – Ядролық физика институты өндіретін фтордезоксиглюкоза (18F) радиофармацевтикалық препараты. Ол онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Институт Алматы, Астана, Семей және Шымкент қалаларында қолданылатын «Натрий пертехнетаты Тс-99» (технеций-99 генераторы), «Натрий йодиді I-133» және «Фтордезоксиглюкоза F-18» радиофармацевтикалық препараттарын шығарады. Енді осы географияға Ақтау қаласы да қосылды. Бұл – отандық ядролық медицинаны дамытудағы және Қазақстан азаматтарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудағы маңызды қадам.