Астанада пара хоккейден әлемнің үздік құрамалары бас қосады

1122
Фотосурет: «Қазақстан халқына» қоры

Елордада пара хоккейден әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

6-11 қыркүйек аралығында Астанада пара хоккейден әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Турнирге Италия, Жапония, Швеция, Қазақстан, Франция және Финляндия ұлттық құрамалары қатысады. Жарыс айналмалы жүйе бойынша өтеді.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан алғашқы екі команда А тобына жолдама алса, соңғы орынға ие болған команда С тобына түседі. Бұдан бөлек, Астанада Милано-Кортина 2026 XIV қысқы Паралимпия ойындарының іріктеу турниріне екі жолдама беріледі. Бұл жарыс 2025 жылдың 5-10 қарашасында Норвегияның Йессхейм қаласында өтеді. Паралимпиадаға тікелей жолдама алатын құрамалар сол турнирде анықталады.

Елімізде әлем чемпионаты паралимпиадалық спорттың қарқынды дамуының нәтижесінде өткізіліп отыр. Қазіргі таңда елімізде 19 паралимпиадалық спорт түрі дамытылып, жыл сайын 800-ден астам жарыс ұйымдастырылады. Сонымен қатар отандық спортшылар жылына 80-нен астам халықаралық турнирге қатысып келеді.

Сурдлимпиадалық қозғалысқа да ерекше көңіл бөлінуде: ұлттық құрама XXV жазғы Сурдлимпиадаға дайындықты бастап кетті.

Сонымен бірге «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға сәйкес, алғаш рет «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымы енгізіледі. Бұл жаңа ереже бірінші топ мүгедектігі бар спортшыларға спорттық іс-шараларға қатысу кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Биыл Қазақстанда әлемдік деңгейдегі бірқатар маңызды спорттық іс-шаралар өтті. Ел тарихында алғаш рет боччадан халықаралық турнир, сондай-ақ Asian Awards марапаттау рәсімі мен Орталық Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылған Азия Паралимпиялық комитетінің 8-ші Бас ассамблеясы өтті.

Мұның барлығы Мемлекет басшысының паралимпиадалық спортқа айрықша назар аударып, жүйелі түрде қолдау көрсетуінің арқасында өткізіліп отыр. Пара хоккейден әлем чемпионатының Астанада өтуі – Қазақстанның жаһандық спорттық қозғалыстың белсенді қатысушысы әрі сенімді серіктесі екенін дәлелдейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -