Жаңа оқу жылы қарсаңында Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету, балалардың мектепке дайындығын қамтамасыз ету.
Өркениеттің негізі - білімде. Бұл - әлемде адамзат тарихынан бері өзгермеген ақиқат. Алайда білім нәрімен сусындау мүмкіндігі барлық балаға бірдей берілмейтін қоғамның ащы шындығы. Бір отбасы баласын жаңа киіммен, қымбат сөмкемен мектепке шығарып салса, екіншісі қарапайым дәптер табуға қиналады. Осындайда қоғамның теңдігін қамтамасыз ететін бастамалар ерекше маңызға ие. Мұндағы басты мақсат оқу құралын таратумен шектелмейді. Оның құндылығы тереңде, әділеттіліктің бастауында жатыр.
2025–2026 оқу жылында елімізде «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында оқушыларды мектепке дайындау іс-шаралары жалғасуда. Биыл бес жүз мыңнан астам бала қажетті көмекпен қамтылмақ.
Қор дәстүрлі түрде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардың ұл-қыздарына, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұялардың балаларына қолдау көрсетеді. Бұдан бөлек, өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушылар да назардан тыс қалмайды.
«Жалпыға бірдей білім беру» қоры жыл сайын мыңдаған оқушының жаңа оқу жылына толық дайындалуына мүмкіндік беріп келеді. Биыл да бұл мақсатқа өткен жылғы деңгейде қаржы бөлініп отыр.
Бұл мемлекет тарапынан ұйымдастырылған игі бастаманы Ұлттық ұланның әскери бөлімдері де қолдады. Себебі Ұлттық ұлан сарбаздары – тек тәртіп пен қауіпсіздіктің ғана кепілі емес. Олар ел ішінде тыныштықты сақтаумен қатар, қоғам өмірінің белсенді қатысушылары екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал «Мектепке жол» акциясы – соның айқын көрінісі. Бұл бастама – жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылған үлкен қамқорлықтың нышаны іспетті. Әскери бөлімдердің қақпасынан кірген әр бала қуанышқа кенеліп, ата-аналар көңілінде үміт оты жанды. Осындай көңілге медеу болар іс-шара Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде өтті. Ашық есік күні аясында жүзге жуық әскери қызметшінің балалары мен «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтылды. Балаларға мектеп сөмкелері және оның ішіне салынған дәптер, қалам, түрлі-түсті қағаз, сурет дәптері, сызғыш, өшіргіш, желім және басқа да оқу жабдықтары табысталды.
Қайырымдылық көмекті бөлім командирі полковник Мақсат Баймағұловтың бастамасымен, сондай-ақ Ардагерлер кеңесі, «Аманат» партиясының өкілдері, аудандық әкімдіктер және Халық банк өкілдері ұсынды. Іс-шара барысында балаларға алдағы оқу жылына жылы лебіздер айтылып, мәдени-демалыс орталығында концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар қонақтарға Ұлттық ұлан Академиясы туралы деректі фильм көрсетіліп, қару-жарақ үлгілері таныстырылды.
— Бұл акция – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасаудағы маңызды қадам. Әскери қызметшілердің балалары мемлекет қамқорлығынан тыс қалмайды, – деді бөлім командирі.
Осы орайда кішкентай ғана мектеп сөмкесі баланың өмірінде қаншалықты үлкен рөл атқаратынын ойладық па? Ол сөмке оның білімге деген алғашқы қадамы, өзіне деген сенімінің қайнар бұлағы. Егер бала өз қатарларынан кем түспейтінін сезінсе, оның жанарында үміт оты жанады. Керісінше, мектепке дайындықсыз бару оның арманын тұмшалап, бойына сенімсіздік ұялатады. Демек, бұл әскери бөлімнің акциясы оқушыларды рухани демеп, оларға үміт сыйлады.
Бұл күні Шымкент қаласында орналасқан 6506 және 6698 әскери бөлімдері де ерекше күйге енді. Әскери қалашықтарда балалардың рияыз күлкісі мен ата-аналардың алғысы қатар естілді. Шағын сахнада ұйымдастырылған концертте әсем әндер шырқалып, көтеріңкі көңіл күй орнады. Қарудың суық темірін серік еткен сарбаздардың мейірімге толы жүздері бұл жолы басқа қырынан көрінді. Мұнда биыл алғаш мектеп табалдырығын аттайтын 50-ге жуық бүлдіршінге мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарлары сыйға берілді.
— Мектепке алғаш қадам басқан әр бала ерекше көңіл мен қолдауға лайық. Біз әскери қызметшілеріміздің отбасылары үшін маңызды кезеңде өз үлесімізді қосып отырғанымызға қуаныштымыз. Қамқорлық көрсету – біздің әскери дәстүріміздің бір бөлігі, – деп атап өтті 6506 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бауыржан Шораев.
Осындай ізгі шарадан 5513 әскери бөлімі де тыс қалған жоқ. Ардагерлер кеңесі мен Әйелдер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған қайырымдылық барысында әскери қызметшілердің балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар табыс етілді. Бұл – жылдар бойы жалғасып келе жатқан ізгі дәстүрдің жалғасы болды.
Акцияға қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың бойына сенім ұялатып, жаңа оқу жылына ынтасын арттырады. Балалар өз алғыстарын өлең жолдарымен жеткізіп, ата-аналар да шын жүректен ризашылықтарын білдірді.
Расында «Мектепке жол» акциясы – ел бірлігінің, татулықтың айғағы. Балалардың жүзіндегі шаттық күлкі – жасалған жақсылықтың ең үлкен жемісі. Ұлттық ұланның әскери бөлімдері бұл игі дәстүрді алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Қоғамның өркениеттілігі жинаған байлығымен емес, мейірімімен өлшенеді. Аз қамтылған, жетім немесе қиын жағдайдағы балаға жасалған жақсылық қоғамның адамгершілік тұрғысынан алып қарағандағы айнасы. Бұл тек мемлекеттің немесе қордың ғана емес, әр азаматтың ортақ парызы. Егер қоғам балаға қамқорлық көрсете алмаса, оның болашағы туралы қалай сөз қозғай аламыз?
Білімге салынған инвестиция – ең құнды инвестиция. Жол да, зауыт та, технология да қажет, бірақ олардың барлығы да адамзатсыз мәнсіз. Ал білімді адамды тәрбиелеп, мемлекеттің ең сенімді тірегін қалыптастырамыз. Мектеп табалдырығын аттаған әр бала – ертеңгі инженер, дәрігер, ұстаз немесе мемлекет басшысы. Бүгінгі сөмке – әлемдік саяси аренада нық орнын белгілеп, қалыптастыратын, дамушы мемлекетімізді дамыған елдердің қатарына қосатын нағыз қозғаушы күштің бастауы болуы мүмкін.
Мұндай игі дәстүр жыл сайын жалғасуы тиіс. Себебі бір реттік көмек уақытша қуаныш сыйласа, тұрақты қолдау – қоғамда ізгілік мәдениетін қалыптастырады. Бүгінгі қамқорлықтан өскен бала ертең сол ізгілікті жалғастырады. Өйткені жақсылықты бөліссең, көбейеді. Ал ізгілік пен білім қатар жүрген қоғам ешқашан еңсесін түсірмейді.
Қайырымдылық – тек материалдық көмек қана емес, ол – адам бойына жылу ұялатып, сенім сыйлау. Жаңа сөмке мен дәптер алған бала өзін қоғам назарынан тыс қалмағанын сезінеді. Бұл сезім оның жүрегіне үміт ұялатады, ал үміт – үлкен жетістіктің бастамасы. Қарапайым ғана көмек арқылы қаншама отбасыға қуаныш сыйланды. Мұндай сәттерде елдің бірлігі, бір-біріне деген жанашырлығы анық байқалады.
Ұлттық ұланның бұл әрекеті әскери қызметтің тек қатал тәртіптен тұрмайтынын тағы бір мәрте айғақтады. Мұнда мейірім бар, жанашырлық бар, қоғам алдында жауапкершілік бар. Әскери қызметшілер үшін бұл шара – парыз бен борышты орындаудың жаңа қыры, қоғам алдындағы адалдықтың белгісі. Халық пен әскери құрылым арасындағы сенім осындай істер арқылы беки түседі. Бұл – мемлекеттің тұрақтылығы мен татулығының кепілі.
Шолуды әзірлеген аға лейтенант Нұрдәулет МЕРГЕНБЕК