Ұлттық ұланның ұшқышы капитан Дидар Абдрахманов – ҚР Конституциясының құрдасы. Ол 1995 жылдың 29 тамызында, яғни Ата Заң қабылданардан бір күн бұрын Павлодар облысында дүниеге келген. Сондықтан да болар, Отан алдындағы борышын заң мен тәртіп күзетінде абыроймен өтеп жүрген әскери ұшқыштың ғұмыры да тәуелсіз Қазақстанның даму тарихымен біте қайнасып жатыр.
Дидар мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ ұшқыш болуды арман етті. Ұшақтарға деген ерекше қызығушылығы оны әрдайым әуе әлеміне жетелейтін. 10-сыныпқа келгенде арманын іске асырудың алғашқы қадамын басып, тәжірибелі үгіт-насихатшылардың кеңесімен жеңіл моторлы TL-2000 әуе кемесін тізгіндеп көрді. Бұл сәт болашақ әуе қыранының кәсіби жолына нақты бағыт-бағдар берді.
2010 жылы мемлекеттік авиация орталығында алғашқы әуе машығын меңгеріп, машықтанған ол, уақыт өте келе білімін жетілдіріп, үлкен мақсаттарға ұмтылды. 2018 жылы Ресейдің Краснодар жоғары әскери-авиациялық ұшқыштар училищесін алтын медальмен тәмамдады. Оқу барысында Л-39 оқу-жаттығу ұшағын және Ан-26 әскери-транспорттық әуе кемесін толық меңгеріп шықты. Бұл жетістіктер оның табандылығы мен қайсарлығының айқын дәлелі еді.
Қазіргі кезде капитан Дидар Абдрахманов Ұлттық ұланның 3656 әскери бөлімінде, яғни авиациялық бөлімде қызмет атқарады. Оның қолындағы сенімді серігі – заманауи Y8F200WA әскери-транспорттық ұшағы. Дидар қызмет барысында еліміздің түкпір-түкпірінде және шетелдерде көптеген ұшу тапсырмаларын абыроймен орындаған.
Ол тек жоспарлы әскери ұшулармен шектелмей, халыққа көмек көрсетуді де өз парызы санайды. Мәселен, Сирия Араб Республикасы мен Түркия Республикасында болған жойқын жер сілкінісінде гуманитарлық жүктерді жеткізуге қатысып, қазақстандықтардың ізгі миссиясын орындады. Сондай-ақ ел ішінде болған су тасқыны кезінде зардап шеккен халыққа қолдау көрсету жұмыстарына әуе көлігімен атсалысты. Республикалық деңгейде жүргізілетін “Қарасора” есірткіге қарсы арнайы операциясында да әуе қызметін мінсіз атқарып жүр.
Капитан Дидар Талғатұлы әрдайым елінің Конституциясын қастерлейді.
«Ата Заң – біздің тәуелсіздігіміздің берік тұғыры, ел бірлігінің айнасы. Конституция құрдасы ретінде мен үшін бұл мереке – жеке тағдырыммен тоғысқан тарихи күн. Ұшқыш ретінде менің басты борышым – осы Заңда жазылған елдің тұтастығын, қауіпсіздігін қорғау» Дидар Талғатұлы
Авиациялық эскадрилияның командирі полковник Данияр Добрашев өз шәкірті жөнінде тек қана жақсы пікірде. Біз оны әңгіме барысында байқадық.
«Капитан Дидар Абдрахманов – біздің бөлімнің сенімді мамандарының бірі. Ол әр ұшу тапсырмасын жауапкершілікпен орындайды, кәсібіне адалдығымен, шеберлігімен өзгелерге үлгі. Әрдайым ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын нағыз әскери ұшқыш» Полковник Данияр Добрашев
Бүгінде Дидар Талғатұлы – отбасылы, елге қорған болып жүрген абыройлы азамат. Ол үшін аспан – бала арманының орындалған мекені болса, туған жер – мәңгілік парызын өтейтін алтын бесік. Оның қызмет жолы мен өмірлік ұстанымы жастарға үлгі, ал өзі – тәуелсіз Қазақстанның Конституция құрдасы ретінде мемлекеттің тұрақтылығы мен тыныштығын қорғап жүрген шынайы қаһарман.
Бір ауыз сөзбен айтсақ, Дидар Абдрахманов – Ата Заңмен бірге жасасып келе жатқан, ел тәуелсіздігінің көк аспандағы айқын бейнесі.
Қатардағы Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ