ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті Агенттіктің тапсырмасы негізінде тұрақты түрде мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін оңтайландыру, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту нысанында талдау жүргізеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осылайша, Ақмола облысы әкімдігімен бірлескен талдау барысында «Объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру» рәсімін оңтайландыру мүмкіндігі анықталды.
Аталған қызмет түрі көбінесе ескірген, техникалық тұрғыдан тозған тұрғын үйлер, шаруашылық нысанындағы құрылыстар, басқа да объектілерді бұзып, орнына жаңадан ғимарат салуға ниеті бар қызмет алушылар арасында үлкен сұранысқа ие.
Мысалы, Көкшетау қаласында көптеген ескірген жеке тұрғын үйлер Бас жоспар бойынша көппәтерлі құрылыс аймақтарында орналасқан. Олардың орнына жаңа көппәтерлі баспаналар салу үшін бастапқыда құрылысшылар объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат алуға жергілікті әкімдікке жүгінеді.
Бұл қызмет түрін көрсету қағидаларына сәйкес объектілерді кейіннен кәдеге жарату, бұзу жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешімдерді саяси мемлекеттік қызметшілер, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері қабылдаған.
Яғни, қағидалардың талаптарын, қызмет көрсету мерзімдерін сақтау үшін жергілікті әкімдер едәуір жұмыс уақытын «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінде өткізуге мәжбүр болған. Ақпараттық жүйеден алынған мәліметтерге сәйкес Ақмола облысында жылына 1500-ге жуық объектілерді кейіннен кәдеге жарату, бұзу жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу үшін рұқсаттар берілген.
Зерделеу көрсеткендей, іс жүзінде әкімдердің қызмет көрсету кезіндегі рөлі келіп түскен өтініштерді сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне уақтылы жолдау және осы құрылымдық бөлімше әзірлеген қызмет көрсету нәтижесіне қол қоюмен шектелген. Дегенмен бұл рәсімдерге нормативтік құқықтық актілерге сәйкес 2 жұмыс күні жұмсалған.
Осыған орай, бұл сұрақ облыс әкімдігінің бастамасымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша Межведомстволық комиссиясы отырысының күн тәртібінде талқыланып, аталған қызмет түрі бойынша шешім қабылдау өкілеттілігін әкімдерден сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне ауыстыру туралы ұсыныс енгізілді.
Нәтижесінде, қызмет көрсету қағидалары Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндеттерін атқарушысының 2025 жылғы 16 қаңтардағы № 14 бұйрығымен жаңа редакцияда жарияланды. Ол өзгерістерге сәйкес «Объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру» қызметіне өтініштерді қабылдау, рұқсаттарды беру рәсімдері толығымен аудандық, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне жүктелді.
Бұл өкілеттіліктерді дербес бөлімге ұсыну шаралары саяси мемлекеттік қызметшілерді күнделікті, шаблондық міндеттерден босатып, жұмыс уақытын әлдеқайда маңызды мәселелерге жұмсау мүмкіндігін береді.