Мәулен Әшімбаев: Қазақстанның миссиясы – бөлу емес, біріктіру

1221
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Qogam News

Қазіргі әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздікке деген сұраныс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Әлемдік дағдарыстар, қақтығыстар мен жаһандық сын-қатерлер жағдайында елдер арасындағы сенім мен өзара түсіністік ерекше маңызға ие болып отыр. Қазақстан бұл бағытта өзіндік үлгі қалыптастырып, мәдениеттер мен діндер арасындағы көпірге айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы Сенат Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Qogam News жобасына берген сұхбатында айтты. Оның пікірінше, әрбір мемлекет бейбітшілік пен тұрақтылық үшін жауапкершілікті сезініп, диалог пен келісім мәдениетін дамытуға үлес қосуы тиіс.

Қазақстан бастамасы – әлемдік деңгейдегі алаң

«Съезд өзінің тиімді халықаралық алаң екенін дәлелдеді. Қазақстан бұл бастаманы 20 жылдан астам уақыт бойы ілгерілетіп келеді. Форумның бастауында болып, оның қалыптасып, дамуына Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үлкен үлес қосты. Бүгінде Съезді әлемнің басты рухани көшбасшылары жиналатын, танымал әрі беделді алаң деп толық сеніммен айта аламыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Шынында да, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Қазақстанның бейбітшілік бастамаларын әлемдік деңгейге шығарды. Бұл форум елдің халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, жаһандық диалогтың басты орталықтарының біріне айналды.

VII Съезд: тарихи оқиға

Әшімбаевтың айтуынша, 2022 жылы өткен VII Съезд өзінің мазмұны мен қатысушылардың мәртебесімен есте қалды. Онда қазіргі әлемнің басты рухани көшбасшылары – Рим Папасы Франциск пен Әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб бас қосты.

«Рим Папасы Франциск теңдік идеяларын дәріптеуге, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғауға зор үлес қосты. Ол ислам және христиан әлемдері арасындағы өзара түсіністікті дамыту бағытында маңызды мәселелерге үнемі назар аударды. VII Съезд аясында ол Қазақстанды диалог пен кездесу алаңы ретінде атап, халқымыздың ашықтығы мен әралуандықтағы өзара құрметін жоғары бағалады», – деді Әшімбаев.

Съезд сондай-ақ ислам әлемінің аса беделді орталығы Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайебтің қатысуымен ерекшеленді. Оның сөздері қазіргі замандағы диалогтың айрықша маңызын айқындап берді.

Qogam News

Осылайша, VII Съезд әлемдік діндер арасындағы жақындасуға тың серпін беріп, диалог мәдениетін дәріптеудің бірегей алаңына айналды.

Келесі қадам: VIII Съезд

Алдағы форумның күн тәртібі де маңызды мәселелерге арналмақ. Әшімбаевтың айтуынша, рухани көшбасшылар адамзат алдында тұрған бірқатар өзекті сын-қатерді еңсеру жолдарын бірге талқылайды.

Бұл қадам Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы рөлін тағы да айқындайды. Әлемнің түрлі діндері мен мәдениеттерін бір үстел басына жинай отырып, біздің ел бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудың сенімді орталығына айналып келеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -