Елде 900 мың тоннадан астам картоп жиналды, экспортқа шектеу жоқ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан өңірлерінде картоп жинау науқаны қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге 907 мың тонна өнім жиналды.
Өңірлерге қарай алқаптардағы баға килограмына 90-нан 120 теңгеге дейін өзгеріп отыр. Биыл ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп егістігінің көлемі 11 мың гектарға ұлғайып, жалпы өнім көлемін 2,7 млн тоннаға жеткізу жоспарлануда. Бұл ішкі нарықтың жылдық қажеттілігінен (шамамен 2 млн тонна) айтарлықтай жоғары.
«Болжам бойынша өнім мол болады. Мұндай көлемде ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге еш қауіп жоқ. Сондықтан 28 шілдеде картоп экспортына қойылған барлық шектеулер алынды» ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков
Бөлшек саудадағы орташа бағалар да төмендеуде. Статистика деректеріне сәйкес, 2 қыркүйекте ел бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 194 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бір апта бұрынғыдан 3,9 %-ға төмен.
Экспорт бағытында да оң динамика байқалады. Тамыз айында фитосанитарлық сертификаттарды рәсімдеуде туындаған техникалық мәселелер шешімін тапты. 4 қыркүйектегі жағдай бойынша Өзбекстанға жөнелтілген 8,7 мың тонна картопқа құжаттар рәсімделді.
«Биылғы экспорттық әлеует 450 мың тоннаны құрайды және оның ішкі нарыққа еш әсері болмайды» Ербол Тасжүреков