Бурабай ауданында «Балдәурен» орталығында заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бурабай ауданы прокуратурасы РМҚК «Балдәурен республикалық оқу-сауықтыру орталығының» қызметіне тексеру жүргізіп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың жүйелі бұзылуын және лагерьдің жобалық қуатының асыра пайдаланылғанын анықтады.
Техникалық паспортқа сәйкес, орталық 400 орынға арналған. Алайда іс жүзінде бір ауысымда 574 бала орналастырылған, бұл рұқсат етілген нормадан 43%-ға артық.
Балаларды орналастыру үшін 12 оқу кабинеті пайдаланылған. Бұл бөлмелер санитарлық тораптармен жабдықталмаған, гигиеналық талаптарға сай келмейді және кәмелетке толмағандардың денсаулығына қауіп төндіреді. Норма бойынша бір бөлмеде 6 бала болуы тиіс болса, іс жүзінде 9 балаға дейін орналастырылған.
Айрықша назар аудартатыны – мемлекеттік квота есебінен тегін демалып жатқан балалар тар және қолайсыз бөлмелерде орналасса, ал ақылы негізде келген балалар бөлек, барлық жағдайы жасалған бөлмелерге жайғастырылған.
Анықталған заң бұзушылықтарды жою, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту және болашақта балалардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмеу мақсатында прокурорлық қадағалау шаралары қабылданды.