Жолдауды қолдау – маңызды міндетіміз

1837
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Қазақстан Республикасының Президенті елдің дамуына бағытталған басты міндеттерді айқындап беретін кезекті жолдауын халқымызға ұсынды. Жолдау – бұл мемлекетіміздің болашаққа деген стратегиялық бағыты, әрбір қазақстандық үшін ортақ мақсаттар мен құндылықтардың көрінісі.

Ал, әскери қызметшілер үшін бұл құжаттың мәні ерекше, себебі елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – олардың басты борышы.

Президентіміз жолдаудың басында әлемдегі күрделі геосаяси жағдайды, халықаралық қатынастағы шиленістерді, тіпті бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлердің адамзаттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп жатқандығын тілге тиек етті. Осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзінің негізгі мақсаты екенін анық айтты. Ел тыныштығын күзеткен әскерилер үшін бұл -маңызды, себебі мемлекетіміздің тұрақтылығы, жан-жағымыздың беріктігі тікелей отан қорғаушыларға байланысты.

Мемлекет басшысы өз жолдауында елдегі әлеуметтік-экономикалық саланы жаңғыртатын және жаңартатын көптеген бағыттарды нақтылады. Оның ішінде ерекше тоқталған «Жасанды интеллект пен цифрлық дамуға» қатысты көрсетілген тапсырмалар әскери қызметтегі көптеген салаларға да тың серпін берері анық. Мемлекет басшысының алға қойған маңызды стратегиялық мақсаты - еліміздің үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы қажеттігі. «Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек», - деген Президенттің бастамаларына қолдау білдіру арқылы біз өзіміздің адалдығымызды, елдің жарқын болашағына сенімімізді және антқа берік екендігімізді көрсетеміз.

Сонымен қатар жолдауда еліміздегі заң мен тәртіпке қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Құқық қорғаушы органдардың қатқан қағидасы кез-келген құқық бұзушылыққа, заңсыздыққа қарсы тұру екендігін айтты. Осы орайда біздің әскери қызметіміздегі басты міндет - құқық бұзушылыққа жол бермеу екенін ескерсек, бұл Президентіміздің бізге қойған тікелей тапсырмасы деп түсінуге болады. Өркениетті елдер қатарындағы мемлекеттің қоғамдық мәдениетін, әдебін қалыптастыруда елдегі ішкі тәртібіміздің күзетшісі ретінде біз маңызды қызмет атқарып қана қоймай, әрбір азаматқа үлгі болуымыз қажет.  

«Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз. Кез келген кедергіден өтеміз»,- деді мемлекет басшысы Қ. Тоқаев. Бұл тікелей бізге қойылған маңызды тапсырма екені даусыз.

Президентіміз жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырып, әрқайсымыздың отаншыл болуымызды ерекше толқыныспен айтты.

Патриотизм сөзінің ұғымын ашатын тіл, мәдениетті құрметтеу, ұлттық мүддені биік ұстау, тарихты тану сияқты дәстүрлі құндылықтарымен қатар қазіргі таңдағы жасампаздық, оқу, терең білім алу, халыққа пайдасы тиетін іс бастау сияқты жаңаша мағынасын ашып көрсетті. Бұл да әскери орта үшін аса маңызды, себебі нағыз жауынгер – отансүйгіш, тәртіпті әрі білімді азамат. Біз де өз саламызда оқуға, білімге ден қойып, ғылымға ұмтылып, озық технологияларды меңгеру арқылы халқымызды Президент айтқан озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға үлес қосуымыз қажет.

Әскер қатарында қызмет ету арқылы жастар мемлекет мүддесін қорғауды үйренеді, жолдаудағы міндеттерді жүзеге асырудың алдыңғы шебінде тұрады. Біз үшін Президенттің Жолдауы – тек саяси құжат емес, ол біздің күнделікті қызметіміздің, Отан алдындағы атқарып жатқан маңызды міндетіміздің мәнін айқындайтын бағдаршам десек те болады. Ұлан жауынгерлері елдің өркендеуі мен қауіпсіздігі жолында бірлікте әрекет етіп, Президентіміз айтқан мақсаттарға жетуге дайын. Бұл – біздің елге, халыққа Отанға деген адалдығымыздың айқын дәлелі.

6698 әскери бөлімінің командирі

подполковник Нуралиев Бауыржан

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -