Төлемдер мен аударымдар жүйесіндегі жаңалықтар — сіз үшін не өзгереді
2025 жылы Қазақстанда телефон нөмірі арқылы банкаралық аударымдар іске қосылды (және әлі де қосылып жатыр), төлемдер жасау үшін бірыңғай QR стандартын енгізу мәресіне жетіп, онлайн төлемдерге биометриялық тексерулер күшейтілуде, онлайн-кредит беру қағидалары жаңартылуда және тарифтердің ашықтығына қатысты тұтынушылық нормалар әзірленуде. Мұның бәрі біздің төлемдеріміз бен аударымдарымызға, яғни өзімізді алаяқтықтан қалай қорғауымызға әсер етеді. Fingramota.kz негізгі жаңалықтар жөнінде айтып береді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңадан нелер пайда болды
Телефон нөмірі арқылы банкаралық аударымдар. Енді ақшаны ИБАН бойынша емес, алушы басқа банкте болса да мобильді нөмір бойынша аударуға болады. Қызмет кезең кезеңмен іске қосылып жатыр: алғашқы бес банк маусым айында қосылды, тағы бірнешеуі қосылу процесінде, ал барлық екінші деңгейлі банктерді қосуды реттеуші 2025 жылдың соңына дейін жоспарлап отыр. Егер Сіздің қосымшаңызда «телефон нөмірі бойынша» опциясы болса — алушы үшін бұл мүмкіндік ашық па, қай банкте екендігін тексеріңіз.
Төлемдер жүргізу үшін бірыңғай QR стандарты. Бірыңғай QR стандартының көмегімен Сіз әртүрлі банктерде төлем жасай аласыз. Банкаралық QR-төлемдер функционалы үшін инфрақұрылым дайын; банктер өз жүйелерін жетілдіріп, кезең кезеңмен қосылып жатыр. Жыл соңына дейін қызмет барлық тұтынушыларға қолжетімді болады деп күтілуде.
Телефон арқылы аударымдар ИБАН енгізуде жіберілетін қателерді азайтады, ал бірыңғай QR стандарты кассада «дұрыс емес» қосымшаны іздеуден құтқарады. Алайда, сақтықты ұмытпаңыз: операцияны растау алдында қосымшада көрсетілген алушының аты-жөнін және терминал/QR экранындағы деректерді мұқият тексеріңіз.
Биометрия және онлайн-клиенттер. Онлайн-қызметтер үшін банктер клиенттерді сәйкестендіруді күшейтті: қашықтан көрсетілетін өнімдерде міндетті биометриялық тексеру және екі факторлы бірдейлендіру енгізілуде. Кейбір талаптар 2025 жылдың шілде–тамыз айларынан бастап күшіне енді. Қосымша тексерулер алаяқтардың сіздің атыңызға «қашықтан» кредит ресімдеу мүмкіндігін азайтады. Биометриядан тек ресми қосымшалар арқылы немесе бөлімшелерге барып өтіңіз, фото/бейне материалдарын бөгде адамдарға бермеңіз.
Онлайн-микрокредиттер бойынша жаңа қағидалар. Қашықтан кредит беру талаптары жаңартылды: тұлғаны қосымша тексеру, сессиялардың бейнежазбасын сақтау және жеке деректердің таралуына күмән туған жағдайда қосымша шаралар енгізілді. Кейбір нормалар 2025 жылғы 31 тамыздан бастап, қалғандары 30 қыркүйектен бастап күшіне енді. Қаржылық көрсетілетін қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғауға бағытталған өзгерістер туралы толық ақпаратты материалымыздан оқи аласыз.
Антифрод-орталық және жедел бұғаттау. Ұлттық Банк алаяқтық белгілері бар транзакциялар жөнінде деректер алмасу орталығының жұмыс қағидаларын бекітті. Бұл нарық қатысушылары арасында «сигналдармен» тез алмасуға және күмәнді операцияларды жедел шектеуге мүмкіндік береді. Бірқатар нормалар қазір күшіне енуде, қалғаны 2026 жылдан бастап қолданылады.
Егер төлем «күмәнді» деп танылса, банк операцияны немесе қаражатты уақытша бұғаттай алады. Бұл қолайсыздық туғызуы мүмкін, бірақ алаяқтық тізбегін дер кезінде үзеді.
Аударымдар бақылауда
Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдарды бақылау үшін тексеруші органдардың қызығушылығын арттыратын өлшемшарттардың енгізілгенін хабарлады. Бұл талаптар ең алдымен кәсіпкерлікпен айналысып, бірақ салық төлемейтін азаматтарға бағытталған.
Мұндай өлшемшарт үшеу-ақ, бірақ олар бір мезгілде орындалуы тиіс:
- Айына 100-ден астам жеке тұлғадан аударым түсуі;
- Бұл жағдай қатарынан 3 ай қайталануы;
- Жалпы сома 1 млн теңгеден асуы.
Яғни, мерекеде туыстарыңыз бен достарыңыз ақша аударса, ал келесі айда аударымдар саны азайса, сіздің қаржыңызға күмән туындамайды. Бір адамға, мысалы, отбасы мүшесіне ондаған немесе жүздеген рет ақша аударсаңыз да, бұның ешқандай айыбы жоқ, яғни «бір тұлға» ретінде есептеледі.
Әріптестер сыйлыққа ақша жинап, барлығы бір адамға ақша жіберсе — бұған да алаңдаудың қажеті жоқ. Ал егер жүзден астам әріптесіңіз болып, сіз әр ай сайын мереке ұйымдастырушы ретінде болсаңыз, әріптестеріңізді құттықтаудың басқа тәсілін ойластырған жөн.
Кез келген жағдайда, мемлекеттік кірістер комитеті күмәнді жағдай байқаса, алдымен хабарлама жібереді және азаматқа аударымдардың мақсатын түсіндіруге мүмкіндік береді.
Қандай да бір қызметпен айналысатын, бірақ кәсіпкер ретінде әлі тіркелмеген тұлғаларға үшін қарапайым кеңес – тіркеліңіз. Бақытымызға орай, салық режимдері бізде айтарлықтай адал, және қазір уақытта есептілікті автоматты түрде тапсыра аласыз.
Қауіпсіз төлем мен аударым жасау — қысқаша нұсқаулық
- «Банк/мемлекеттік орган қызметкерінің» өтініші бойынша экранды ешқашан қоспаңыз және қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатпаңыз. Қазір фишерлер жиі жағдайда кодты сұрамайды – олар оны сіздің экраныңыздан «оқи» алады.
- Аударымды алушыны тексеріңіз. Телефон нөмірі арқылы аударым жасаған кезде қосымшада үнемі аударымды алушының аты-жөні/аты шығып тұрады – ақша жіберіп жатқан адамыңызбен салыстырыңыз. QR бойынша төлем жасаған кезде растаудан бұрын экрандағы жазу мен соманы қараңыз.
- Лимиттер мен хабарламаларды қосыңыз. P2P мен онлайн-төлемдер үшін бір күндік/бір жолғы лимиттер қойыңыз. Жедел смс/push-хабарламалар алаяқтықты алғашқы минуттарда тоқтатуға көмектеседі.
- Биометриядан тек ресми арналардан өтіңіз. «Тексеру үшін» селфи, бейне мен құжаттардың көшірмелерін мессенджерлер арқылы жібермеңіз.
- Әрқашан екі факторлы қорғауды қолданыңыз. Қосымшаларды телефон нөміріңізге және e-mail-ге байланыстырыңыз, күрделі құпиясөздер мен құпиясөз менеджерлерін қолданыңыз, банк пен пошта арасындағы құпиясөздерді қайталамаңыз.
- Тарифтерді қадағалап отырыңыз. Банк төлемдер/аударымдар бойынша алдағы уақыттағы өзгерістер туралы хабарлайтын болса, балама нұсқаларға алдын ала баға беріңіз.
- «Тиімді ұсыныстарға» қатысты асығыс шешім қабылдамаңыз. Алаяқтар криптокарталар, телефон арқылы жасалатын аударымдар, «қайтарым» және т.б. сияқты жаңа сервистердің «қолдау қызметі» ретінде жасырынады. «Шұғыл растау/орнату» туралы өтініш – қауіпті белгі.
- Даулы операция ма? Картаның артындағы нөмір бойынша немесе қосымшада дереу банкке қоңырау соғыңыз, шағым жасаңыз, хат-хабарды тіркеңіз. Сіз дереу әрекет жасайтын болсаңыз, Антифрод-тетіктер тезірек жұмыс істейді.