Үкімет Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрады

1947
Фотосурет: UKIMET

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Премьер-министр Мемлекет басшысы өз Жолдауында экономиканың барлық саласында  жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізуге басымдық бергенін атап өтті.

«Ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу мемлекеттік басқарудың заманауи технологиялық жүйесін құруға мүмкіндік береді. Президент атап өткендей, мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық тәсіл «оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз етіп, ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттырады». Жаппай цифрландыру әртараптандырумен қатар, бүкіл отандық экономиканы кешенді түрде жаңғыртуға және Қазақстанды жаһандық аренада бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытуға ықпал етеді. Үкімет жолдауда айтылған міндеттерді жедел орындауға бар күш-жігерін жұмылдырады» Олжас Бектенов

Жедел шаралар қабылдау үшін Цифрлық штаб құрылды, оның аясында қазіргі таңда  бірқатар шешімдер қабылданып жатыр. Оларды алдымызда тұрған жүйелі мәселелерді шешу үшін одан әрі пайдаланатын болады. Осы ретте Цифрлық штаб қабылдаған барлық шешімдер мүлтіксіз орындалуға тиіс.

Премьер-министр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бірқатар тапсырма берді:  

  • Парламент қабырғасында Цифрлық кодекстің және «Жасанды интеллект туралы» заң жобаларын пысықтау;
  • Цифрландыруды және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі «Digital Qazaqstan» тұжырымдамалық құжатын  әзірлеу, аталған құжат саланың алдағы үш жылға арналған негізгі бағыттарын қамтып,  жауапкершіліктің ара-жігін нақты бөліп беруі қажет. Бұған қоса, құжатта тиісті нәтижелер де көрініс табуы керек;
  • Цифрландыру министрлігі қайта ұйымдастыру және Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрлігін құру туралы мәселені пысықтау;  

Премьер-министр жаппай цифрландыру жаңа салалық ведомствоға ғана қатысты емес, барлық салалық мемлекеттік органдар мен өңірлердің басшыларына да жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. 

Сондай-ақ Олжас Бектенов салық әкімшілендіру қызметіне жасанды интеллектіні енгізудің маңыздылығына да назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жасанды интеллектіні қолдана отырып, салық төлеушіні сервистік сүйемелдеу тетігін енгізу жоспарлануда. Премьер-министр Қаржы министрлігіне Цифрландыру министрлігімен бірге Мемлекеттік кірістер комитетінің деректерді өңдеу орталығын құруды қамтамасыз етуді тапсырды. 

Бұдан бөлек, мемлекеттік жобаларда және Ұлттық қордан қаржыландыру кезінде цифрлық теңгенің қолданылу аясын кеңейту жоспарлануда.

«Кейбір өңірлерде цифрлық теңгені пайдалану бойынша пилоттық жобалар іске асырылуда. Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда. Қаржылық шығыстардың ашықтығын және оны қадағалауды қамтамасыз ету үшін біз цифрлық теңге қолданылатын жобалардың санын ұлғайтуды көздеп отырмыз. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары цифрлық теңге құралын пайдалану арқылы бюджет, Ұлттық қор есебінен қаржы бағытталатын салаларды кеңейту, сондай-ақ жобаларды ұлғайту бойынша түбегейлі шараларды қабылдасын» Олжас Бектенов

Үкімет қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласында да цифрлық бастамаларды енгізуді жалғастырады. Оның ішінде киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың интеллектуалды жүйесін жасау да бар. Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, киберқауіптерді анықтаудың бірыңғай платформасын құру жөніндегі шараларды қабылдауды тапсырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -