Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің және шешуші бағыттар бойынша өзге де – цифрлық даму, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, су ресурстары, еңбек, оқу-ағарту, ғылым, спорт, денсаулық сақтау министрлерінің баяндамалары тыңдалады. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
«Су шаруашылығы саласын жаңғырту және орнықты дамыту міндеттерін жүйелі түрде шешу мақсатында министрлік 2030 жылға дейінгі саланы дамыту тұжырымдамасын, Су шаруашылығын дамыту кешенді жоспарын және жаңа Су кодексін қамтитын кешенді құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырды. 2024 жылғы шілде айында білікті мамандар тапшылығын кешенді шешуге бағытталған мамандандырылған бейінді жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Ұлттық университетте Венгрияның Корвинус университетімен бірлесіп, «Су ресурстарын басқару, су дипломатиясы» бағыты бойынша магистратура деңгейіндегі қос диплом бағдарламасы енгізілген. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында 2025 жылы су саласының 125 маманы Қытай Халық Республикасында қабылдаушы тараптың есебінен оқудан өтті. 2026 жылы тағы 200 маманды даярлау жоспарланып отыр, бұл отандық тәжірибеге озық шетелдік тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді» Нұржан Нұржігітов
Оның айтуынша Мемлекет басшысының Су ресурстарының цифрлық платформасын құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында министрлік Еуразиялық даму банкінің Цифрлық бастамалар қорының қолдауымен жерүсті және жерасты сулары туралы деректерді біріктіретін Ұлттық ақпараттық жүйені әзірлеуде екен. Платформаның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін министрлік жанынан деректерді жинау, өңдеу және талдау функцияларын атқаратын Ақпараттық-талдау орталығы құрылған. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын кешенді енгізу еліміздің су балансын есептеуге, су ресурстарын жоспарлауға және оларды пайдалану барысын жедел бақылауға мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар, негізгі барлық өңірлерде орналасқан 367 нысанды қоса алғанда, ұзындығы 3,5 мың шақырымнан астам суару арналарын автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдан бастап 103 арнаның реконструкциясы мен автоматтандырылуы басталады, ал 2028 жылдың соңына дейін оңтүстік облыстарда тағы 264 арна жаңғыртылып, автоматтандырылады. Стратегиялық құжаттарға сәйкес, 2030 жылға дейін министрлік 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды жаңғырту және реконструкциялауды жоспарлап отыр. Бұл су жоғалтуды 50%-дан 35%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Ислам даму банкі несиесінің бірінші фазасы аясында биылдың өзінде 96 каналдың реконструкциясы басталады» Нұржан Нұржігітов
Министр 2024 жылдан бастап фермерлерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру үшін су үнемдеу технологияларын сатып алу және орнатуға жұмсалған инвестициялық шығындардың 80%-ына дейін өтеу, суару суын нормадан артық пайдаланғаны үшін тарифті 20%-ға арттыру және тариф мөлшеріне қарай дифференциалды субсидиялау тетіктері енгізілгенін хабарлады. 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру аясында су үнемдеу технологияларын енгізу кезіндегі инвестициялық шығындарды өтеуге 214,6 млрд теңге қарастырылған.
«Өнеркәсіп саласында Су кодексіне сәйкес жеті жыл ішінде, оның алғашқы екі жылы – өтпелі кезең, ал қалған бес жылы – іске асыру кезеңі ретінде, айналымдық және қайталама сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен көшу талабы белгіленген. Бұл 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде: тұрмыста суды үнемдеу жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірленді, суды үнемдеу әдістеріне қатысты егжей-тегжейлі талдау бойынша аналитикалық зерттеу жүргізілді, республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2 млн мектеп оқушысына арналған «Суды үнемде – болашақты сақта» сабағы өткізілді. Жаңа оқу жылында колледж және жоғары оқу орындары студенттерін қамту жоспарлануда. Судың «қара нарығын» жою мақсатында 2024 жылы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитет құрылды. Бассейндік су инспекцияларының қызметкерлер саны әр облыс орталығында бөлімдер ашу арқылы 98 бірліктен 241 бірлікке дейін ұлғайтылды. Өкілеттіктер кеңейтілді, тексеру рәсімдері жеңілдетілді және су заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді» Су ресурстары және ирригация министрі
Су шаруашылығы саласындағы маңызды бағыттардың бірі – Аралды қалпына келтіру мәселесі. Министрлік құрылған сәттен бастап Солтүстік Аралға шамамен 5 млрд текше метр су жіберілген. Су айдынының көлемі 24,4 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік банктің гранты есебінен «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және өңірлік дамыту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде, ол 2025 жылдың желтоқсанында дайын болады. Жалпы, министрлік жүргізіп жатқан іс-шаралар кешені: инфрақұрылымдық нысандарды салу және жаңғырту, су үнемдеу және цифрлық технологияларды енгізу – климаттық тәуекелдердің артуы жағдайында елдің су ресурстарын тұрақты пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.