Интернет-алаяқтардың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жетісу облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметінің жолы кесілді.
Қылмыскерлер өздерін телефон арқылы банктің қауіпсіздік қызметкерлеріміз деп таныстырып, сенімге ие болып, азаматтарды ұялы телефонға «AnyDesk» қосымшасын орнатуға мәжбүрлеген, сол арқылы оларға қашықтан қол жеткізіп, басқаруды қамтамасыз еткен.
Содан кейін алаяқтар банк қосымшаларын пайдаланып, азаматтарға несие рәсімдеген.
Қылмыстық топтың әрекетінен еліміздің әр өңірінің 40-тан астам тұрғыны зардап шекті, келтірілген шығын көлемі 70 миллион теңгеден асты.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелерi бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
Азаматтарды қырағы болуға және интернет-алаяқтардың айла-тәсілдеріне алданбауға шақырамыз.