Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының Өскемен қаласында орналасқан әскери бөлімдерінің бірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауын түсіндіруге арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Атап айтқанда, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаздарға, офицерлерге және келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілерге Жолдаудың негізгі бағыттары таныстырылды.
Іс-шараға Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Смирнова Екатерина Владимировна, «Жастар Рухы» жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Тугамбаева Қорлан Төлеубекқызы, сондай-ақ «Аманат» партиясы ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Нұркенов Аманбай Мұхамедиярұлы қатысты.
Спикерлер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жастарды қолдау, ұлттық қауіпсіздікті нығайту және әскери қызметшілердің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі рөлі туралы жан-жақты түсіндірді. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, сарбаздар мен офицерлер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Шараның негізгі мақсаты – Президент Жолдауының басты тұстарын әскери ортаға кеңінен жеткізу және мемлекет дамуына бағытталған стратегиялық бастамаларды қолдауға үндеу болды.