XXІ ғасырдың Қажымұқаны: әлем чемпионы Ұлттық ұлан сапында қызмет етуде

1353
Фотосурет: Ұлттық ұлан

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының сапында гір көтеру спортынан үш дүркін әлем чемпионы Еркебұлан Келдібаев әскери борышын өтеуде.

Ол Алматы қаласында орналасқан, Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімі берілген 5571 әскери бөлімінде қызмет етеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Түркістан өңірінің тумасы, қатардағы жауынгер Еркебұлан Келдібаев – танымал спортшы, гір көтеру спортынан үш дүркін әлем және Азия чемпионы, он дүркін Қазақстан чемпионы, спорт шебері. Бала кезінен-ақ даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының ерлігі мен қайсарлығына тәнті болып өскен Еркебұлан спорт алаңдарында шынығып, мінезі мен жігерін енді әскер сапында шыңдап келеді.

Әскери бөлімде Еркебұланды қарулас жолдастары ыстық ықыласпен қарсы алды. Ұландықтар оның рухының мықтылығы, еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы үшін құрметпен «Қажымұқан» деп атап кеткен. Бос уақытында да Еркебұлан жаттығуларын үзбей жалғастырады, себебі күш-қуат үнемі еңбекті талап етеді. Дәл осы құлшыныспен ол қоғамдық тәртіпті күзетуде. Қала қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге өз үлесін қосып, тәртібі мен бабын бұзбай, болашақ жеңістерге дайындық үстінде.

«Ұлттық ұландағы қызмет – үлкен жауапкершілік, тәртіп пен төзімділіктің мектебі. Мұның бәрі спортта алған тәліміммен бірдей. Осы арқылы жастарды әскерге баруға, спортпен шұғылдануға жігерлендіргім келеді» Еркебұлан Келдібаев

Ұландықтың жоспары – халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанның туын биікте желбірету. Әскери бөлім қолбасшылығы оған әскери қызмет пен кәсіби спортты тиімді ұштастыруға толық мүмкіндік беріп отыр.

Ұлттық ұлан халықаралық аренада жетістікке жеткен жауынгерлерін әрдайым қолдап, олардың дамуына жағдай жасайды. Соның айқын дәлелі – қатардағы Еркебұлан Келдібаев спорт, әскери қызмет пен отансүйгіштіктің үйлесім таба алатынын дәлелдеп келеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -