Астанада шетелдік конституциялық соттардың судьялары ағаш отырғызды
Астанада Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары халықаралық конституциялық сот төрелігі форумына қатысушылармен бірлесіп, Мәңгілік Ел даңғылының бойында Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай 30 қарағай отырғызды.
Шараға Моңғолия, Зимбабве, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Таиландтан келген конституциялық бақылау органдарының төрағалары мен судьялары, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова Ата заң азаматтарға табиғатты сақтау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау міндетін жүктейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, шетелдік әріптестермен осындай бірлескен экологиялық акцияларды өткізу қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты дамудың жалпыадамзаттық құндылықтарын көрсетеді.
Шетелдік қатысушылар акция конституциялық соттар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ұмтылысты білдіретінін және келешек ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтау үшін ортақ жауапкершілікті көрсететінін атап өтті.