Бала кезден бірге, бүгінде ел қорғаған жұп

1441
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

Қазақстанның тыныштығы мен бейбіт өмірі – мыңдаған әскери қызметшілердің ерен еңбегінің арқасы. Солардың сапында ел қорғаумен қатар, үлгілі жанұя бола білген жас жұптар да аз емес. Осындай елге өнеге отбасының бірі – ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 3660 әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Айдын Рашатұлы Жукеновтің әулеті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Капитан Айдын Жукенов 1995 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Әскери өмірге деген қызығушылығы ерте жастан оянды. 9-сыныпты тәмамдаған соң ол Қарағандыдағы Республикалық әскери мектепке оқуға түсіп, жас сарбаз ретінде шыңдала бастайды. 2013 жылы аталған мектепті бітіріп, сол жылы Ұлттық ұлан әскери институтының курсанты атанады. Отан қорғау жолында шыңдалған Айдын 2017 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, офицерлік өмірге қадам басады.

Қызметтегі қатаң тәртіп пен темірдей жауапкершілік Айдынның өмірлік ұстанымына айналған. Ол әскери өмірді бала күнінен армандап, сол арманын адал еңбекпен жүзеге асырған жан. Ол үшін офицер болу – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауымен таңдалған өмірлік жол.

Қызметке адалдығы, жауапкершілігі мен талапшылдығы оны әріптестеріне де, қарамағындағы әскери қызметшілерге де үлгі етеді. Әр тапсырманы тыңғылықты орындап, әр істі әділдікпен бағалай білетін Айдын – шынайы басшылық қасиеті бар жас офицер.

Қарамағындағы жауынгерлер үшін ол – талап қоя білетін, бірақ әділ жетекші. Ал әріптестері үшін – сенімді серік, сөзі мен ісі қабысқан азамат. Күнделікті әскери міндетті адал атқара жүріп, ол «Отан қорғау – ең қасиетті парыз» деген ұстанымымен ерекшеленеді.

Айдынды замандастары ісіне мығым, сөзіне берік, елге тірек болатын офицер деп таниды. Ал оның басты жетістігі – қызмет пен отбасын қатар алып жүріп, елге де, әулетіне де қорған бола білуінде.

Айдынның жан жары – Инара Кенжебайқызы да еңбекқор, білімді жан. 1996 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында дүниеге келген ол Көкшетаудағы А.Мырзахметов атындағы университетті тәмамдап, қаржы саласын игерді. Отбасылық өмірде де, қоғамдық ортада да сүйікті жар, ардақты ана, сенімді тірек бола білген жан.

Бүгінде ол 6654 әскери бөлімінде кадр бөлімінің аға маманы, ефрейтор шенінде елге адал қызмет етуде.

Айдын мен Инараның таныстығы – нағыз тағдырдың сыйы. Екеуі бір мектепте оқып, бала кезден дос болып өскен. Кейін бұл достық үлкен сезімге ұласып, 2018 жылы шаңырақ көтерді.

Бүгінде олар Айсезім, Айзере, Айбек есімді үш бала тәрбиелеп отырған, шаңырақтары шаттыққа толы ата-ана.

Әскери өмірдің қиындығы мен жауапкершілігін қатар арқалай жүріп, отбасы бақытына да уақыт таба білген бұл әулет – нағыз үлгілі жанұя. Үнемі сапта жүріп, ел қорғаған ер мен отбасының ұйытқысы болған әйел – олардың үйлесімділігінің айғағы.

Айдын мен Инара үшін «Отанды қорғау – отбасын қорғаудан басталады» деген сөз – өмірлік қағида. Өйткені елдің қауіпсіздігіне жауапты сарбаз, әуелі өзінің шаңырағының амандығы үшін де аянбай еңбек етеді.

Жукеновтер жанұясы – мықты шаңырақтың, сүйіспеншіліктің, татулық пен сыйластықтың символына айналған әулет. Олар өз өмір жолымен жастарға өнеге, елге мақтаныш.

Отбасы – мемлекеттің шағын бейнесі десек, Жукеновтер жанұясы осыны дәлелдеп келе жатқан үлгілі әулет. Әскердегі қажырлы еңбек пен үйдегі шаттықты үйлестіре білген бұл отбасының ынтымағы – елге өнеге, ұрпаққа аманат.

Айдын мен Инарадай жас шаңыраққа қарап, мықты әулеттен мықты мемлекет қалыптасатынына тағы бір мәрте көз жеткізуге болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -