Қазақстан Жапонияның жетекші туроператорларымен ынтымақтастықты нығайтуда

968
Фотосурет: Kazakh Tourism

Қазақстан Шығыс Азияның туристік картасында өз позициясын нығайтуда. Өткен жылы елімізге 9200 астам жапондық тұрғын келген. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 38% артық. Келушілер легінің өсімі бұл бағыттың әлеуетін көрсетеді. Қазақстандық туристік индустрия өкілдері Жапония нарығындағы компаниялармен әріптестікті кеңейтуге ниетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Токио және Осака қалаларында қазақстандық туроператорлар мен Жапонияның жетекші туристік нарық өкілдері арасында бірқатар екіжақты кездесулер өтті. Skyway, Kompass және MLtour туроператорлары ұлттық әуе тасымалдаушы Air Astana бірлесіп, Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін HIS, JATA, JTB, Otomo Travel, Tairiku Travel, All Seasons Travel тәрізді компанияларға таныстырды. Келіссөздер барысында жапон серіктестеріне туристік өнімдер мен бағыттар ұсынылды.

Қазақстандық делегация Осака қаласындағы ЭКСПО-2025 алаңында өткен іскерлік бағдарламаға қатысты. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы QazExpoCongress қолдауымен жапондық туристік компаниялар мен қазақстандық туроператорлар арасында B2B кездесулер ұйымдастырды. Оның аясында Air Astana, «Karavansaray Turkistan» көпфункционалды туристік кешені және «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы өз ұсыныстарын таныстырды.

«Жапон аудиториясы тарапынан елімізге деген қызығушылықтың артқаны байқалады және біз бұл елдің компанияларымен ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз. Бұл - Қазақстанның туристік әлеуетін көрсетуге және екіжақты байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды бағыт. Kazakh Tourism екі елдің туризм бизнесі арасында тиімді диалог орнатуға септігін тигізеді», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының м.а. Даниел Сержанұлы.

Өткізілген кездесулер жапондық компаниялар тарапынан қызығушылықтың барын көрсетеді және бұл елдің нарығы үшін бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -