«Сурет салу өнері жанға – шуақ» шеберлік сағаты

957
Фотосурет: «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының баспасөз қызметі 

2025 жылғы 14 қыркүйек күні Семей қаласында жүрекке жылу сыйлаған игілікке толы шара өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Семей қаласының Саңырау - мылқау азаматтарға арналған клубының» мүшелеріне «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының өкілі А.Жакупова «Сурет салу өнері  жанға – шуақ» тақырыбында шеберлік сағатын ұйымдастырып, өткізді. Бұл күн қатысушылар үшін, тек, мерекелік басқосу ғана емес, рухани демалыс пен шығармашылықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашқан мәнді кездесу болды.

Аталған шараның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар жандардың ішкі рухани әлемін байытып, бойдағы ашылмаған тың қабілеттерін ояту, эстетикалық талғамын жетілдіру, өнер арқылы көңіл - күйін көтеру. Шеберлік сабағы барысында, клуб мүшелері, сурет өнерінің қыр-сырымен жеке танысып қана қоймай, өз қолымен жаңадан туынды сурет сала отырып, бояулардың құпия - сиқырына еніп, ішкі жан - дүниесін қағаз бетіне түсіруге өзіндік мүмкіндік алды. Әр қатысушының өз ойы мен сезімін бейнелеген суреттері олардың жан-жақтылығын, өмірге деген құштарлығын аңдатты.

Бұл шара, тек қылқаламды ұстауға үйрететін техникалық, тәжірибелік сабақ емес, нағыз рухани дем сыйлаған шара деуге болады. Алуан түрлі бояулар арқылы сезімін жеткізу – сөзбен айтуға қиын ішкі толғаныстарды сыртқа шығарудың тамаша тәсілі. Әсіресе,  есту және сөйлеу қабілеті шектеулі жандар үшін сурет – әлеммен тілдесудің, ойын еркін білдірудің ерекше құралы іспетті. Шеберлік сағаты: қатысушыларға жаңа тәжірибе сыйлап, өздерін шығармашылық тұлға ретінде сезінуге серпімді жол ашты.

«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалы үшін мұндай  бастамалардың маңызы зор екендігін атап өткен жөн. Өйткені, қоғамдағы әрбір азаматтың әлеуметтік белсенділігі мен шығармашылық әлеуетін қолдау – партияның басты бағыттарының бірі саналады. Бұл жолы да партия өкілдері өнер арқылы адамдардың жүрегіне жол тауып, мүгедектігі бар жандардың бойындағы талантты ашуға өздік септігін тигізді. Шара соңында, қатысушылардың жүзіндегі қуаныш пен лаулаған шабыт оты – осындай игі істердің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін айқын дәлелдеді.

«Сурет салу өнері жанға - шуақ» атты шеберлік сағаты көпшілікке қарапайым бояудың да адамға қуаныш сыйлайтынын, ал, шығармашылықтың кез келген түрі адам жанының емшісі екенін тағы бір мәрте нақ көрсеткендей ерекше әсерге бөледі. Бұл кездесу, Семей  қаласының ерекше жандар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін үлгі боларлық, жүректерді жылы шуақты мейірге толтырған мерекелік оқиға санатында есте сақталмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -