Жаңа банк туралы заң жобасы Қазақстандағы цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесін бекітеді

1034
Фотосурет: Коллаж: Kazinform агенттігі

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Құжаттарды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларында белгіленген тапсырмаларын орындау шеңберінде әзірледі.

Фотосурет: press@finreg.kz

Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова баяндама жасап, қолданыстағы заңның ескіргенін және 140 реттен астам өзгеріске ұшырағанын, соның салдарынан банк секторының заманауи үрдістері мен қаржылық технологиялардың қарқынды дамуын көрсетпейтінін атап өтті.

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы банк ресурстарын экономиканы қаржыландыруға белсенді түрде тартуға, бәсекелестікті арттыруға, қаржылық технологияларды дамытуға және цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесін бекітуді қоса алғанда, цифрлық активтерді реттеуге бағытталған.

Құжатта банктерді лицензиялау, исламдық қаржыландыруды дамыту, іс-қимылды қадағалауды енгізу, корпоративтік басқаруды жетілдіру және проблемалық банктердің қызметін халықаралық стандарттарға сәйкес реттеу бойынша жаңа тәсілдер көзделген.

Заң жобасын дайындау кезінде жетекші елдердің тәжірибесі, сондай-ақ Қаржы секторын бағалау бағдарламасының қорытындылары бойынша Халықаралық Валюта Қоры мен Дүниежүзілік банктің ұсынымдары ескерілді. Сонымен қатар, халықаралық қаржы ұйымдары тәуелсіз сараптама жүргізді.

Заң жобасын қабылдау банк жүйесінің орнықты дамуын қамтамасыз етеді, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіреді, тұтынушылардың сенімін арттырады және қаржы секторындағы инновациялар үшін жағдай жасайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -