2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан банктеріндегі заңды тұлғалардың салымдары 18,4 трлн теңгеге жетті.
Бір жыл ішінде салымдардың көлемі 11,2%-ға артты. Жалпы, соңғы бес жылда ҚР ЕДБ-дағы бизнес салымдары жыл сайын орта есеппен 14%-ға артып отыр.
Десек те, мұндай өсім әрдайым бола бермеді. 2017, 2018 және 2019 жылдары салымдардың көлемі қысқара бастады және бұл кездейсоқтық емес. Сол уақытта еліміздің банк секторы қиын кезеңді бастан кешті: аталған жылдарда бес банк лицензиясынан айырылды. Бизнес нарықтағы ахуалды үнемі қадағалап отырады, сондықтан да тұрақсыз кезеңдерде компаниялар тәуекелді азайту үшін қаражаттарын банктерден шығарып алады.
2020 жылдан бастап бұл үрдіс өзгерді: банк секторын консолидациялау және әлсіз ойыншылардың нарықтан кетуі сенімділікті арттырды, цифрлық сервистерді дамыту қаражатты басқаруды ыңғайлы етті, ал коронавирус пандемиясы мен экономикалық белгісіздік компанияларды ликвидтік резервтерін көбейтуге итермеледі. Бұның бәрі, тиімді мөлшерлемелермен бірге, депозиттердің артуына жол ашты. Бүгінде бизнес қолма-қол жасалмайтын операцияарға бет бұруда, ал банктік салымдар мен мобильді қосымшалар бұл қадамда негізгі рөл атқарады.
Жеке банктерге келетін болсақ, бизнес көбінесе ірі банктерге (ЕДБ) сенім артады. Осы жылдың шілде айының қорытындысы бойынша еліміздегі ірі банктер арасында депозиттердің айтарлықтай өсімі Kaspi Bank-те тіркелді: салымдар бір жылда 51,7%-ға артып, 794,5 млрд теңгеге дейін жетті. Барлық ЕДБ арасында аталған банктің Kaspi Pay қосымшасы бизнес арасында ең көп қолданылатын қосымша болып отыр.
Заңды тұлғалардың салымдары бойынша екінші орында Freedom Bank тұр: салымдар бір жылда 46,8%-ға артып, 494,6 млрд теңгеге дейін жетті.
Үздік үштікті Bank RBK түйіндейді: салымдардың көлемі бір жылда 23,2%-ға өсіп, 873,4 млрд теңгеге дейін жетті.
Алғашқы бестікке Банк ЦентрКредит (плюс 21,3%) пен ForteBank (плюс 16,5%) те енді.
Айта кетерлігі, Қазақстандағы ірі ЕДБ-да бизнес салымдардың 84,5%-ы сақталған.
Жалпы, заңды тұлғалардың ҚР ЕДБ-дағы салымдарының көлемінің артуына негіз болған себептер көп. Төмендегі ақпараттық кестеде негізгі себептері көрсетілген.