Петропавлда Ұлттық ұланның үздік кинологтары анықталды

1078
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Петропавл қаласында орналасқан 6637 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан кинологтарының арасында қызметтік иттермен көпсайыс бойынша жекелей және командалық біріншілік өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жарысқа барлық өңірлік қолбасшылықтар мен құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери бөлімдерінен кинология қызметінің үздік мамандары мен олардың төрт аяқты серіктері жиналды.

Біріншіліктің мақсаты – мықтыларды анықтау, қызметтік иттердің дайындығын тексеру, тәжірибе алмасу және жеке құрамның кәсіби деңгейін арттыру. Бір апта ішінде қатысушылар іздестіру қызметі, есірткі және жарылғыш заттарды анықтау бойынша сынға түсті.

Жекелей біріншілік жеңімпаздары:

  •  Ефрейтор Маулен Қайырбаев «Айза» атты қызметтік итімен (3514 әскери бөлімі, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы) — іздестіру қызметінде жеңімпаз.
  • Сержант Болат Әлжанов «Эльза» атты итімен (5573 әскери бөлімі) — жарылғыш заттарды табуда жеңімпаз.
  • Ефрейтор Рустам Исабеков «Иллада» атты қызметтік итімен (3660 әскери бөлімі, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы) — есірткі іздестіруде жеңімпаз.

Командалық есепте «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының кинологтары топ жарды. Екінші орынды 5573 әскери бөлімінің өкілдері иеленді, үшінші орынға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командасы тұрақтады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, грамоталармен және медальдармен марапатталды.

Жарыстың соңғы кезеңі шартты құқықбұзушыны ұстау элементтері бар бағдарлама болды. Иттердің тапсырмаларды орындауы мен кинологтардың кәсіби әрекеттері көрермендердің ыстық ықыласына ие болып, іс-шараның жарқын қорытындысына айналды.

Өткен біріншілік кинологтар мен қызметтік иттердің жоғары дайындықта екенін көрсетті, сондай-ақ кәсіби дағдыларды жетілдіру мен бөлімшелерді даярлаудағы болашақ бағыттарды айқындады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -