Ұландықтар жүлдегер қаруластарын құрметпен қарсы алды

990
Фотосурет: Ұлттық ұлан

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері әлем чемпионатынан жүлдемен оралған қаруластары – Назым Қызайбай мен Виктория Графееваны сән-салтанатпен күтіп алды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алматы әуежайына жүлдегер спортшылардың ата-ана, туған туыстары, жанкүйерлері мен спорттағы әріптестері жиналды. Ұлттық ұлан атынан барған топты 5571 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Нұрлан Сүгірәлиев бастады.

Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында Word Boxing ұранымен әуесқойлар арасында өткен бокстан әлем чемпионатында құқықтық тәртіп әскерінің спорттық команда мүшелері өнер көрсеткен болатын. Он күнге созылған тартысты додада ефрейтор Назым Қызайбай 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ал 60 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қатардағы Виктория Графеева қола жүлде жеңіп алды.

Әлемдік аренада мерейі үстем болған былғары қолғап шеберлеріне ұландық қаруластары қошемет көрсетіп, ыстық ықылас танытты.

"Сіздердің жарқын жеңістеріңіз – әскердің жеке құрамын қанаттандырып қана қоймай, спорт пен қызметте қажет қасиет – шыдамдылық пен батылдықтың айқын көрінісі бола білді. Ел қоржынын толықтырған, еңбек пен термен келген бұл медальдар қазақстандық жас спортшылар үшін де үлкен өнеге!" Нұрлан Аманжанұлы

Қос аруды жеңісімен құттықтаған жұртшылық оларға елдің дәмі деп ыстық бауырсақ пен қымыз ұсынды. Жеңімпаздар құрметіне Ұлттық ұлан Алматы құрамасының әскери оркестрі музыкалық шашу тарту етті.

"Дүйім жұрт көз тікке бұл сында біздің боксшы қыздарымыз жақсы өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иелендік. Дүниежүзіне қазақстанның – ұлы бокс державасы екенін тағы бір дәлелдеген сәт болды деуге болады. Еліміз үшін маңызды, өміріміздегі елеулі осындай сәттерді бізге қолдау көрсетіп, жанкүйер болған барша отандастарымызға, соның ішінде Ұлттық ұлан басшылығы мен жеке құрамына алғысымыз шексіз!" Виктория Графеева 

Әскери спортшылардың жеңісі – Ұлттық ұландағы жауынгерлік достықты, асқақ рух пен мызғымас күшті, бірлік пен мығым мінезді көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -