Әлеуметтік осал қазақстандықтар несие қарыздарын жеңілдетілген тәртіппен реттей алады

1144
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

Агенттік Басқармасының 2025 жылғы 28 тамыздағы № 49 қаулысымен «Микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларын бекіту туралы» Агенттік Басқармасының 2021 жылғы 16 шілдедегі № 82 және «Банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларын бекіту туралы» № 84 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қаулыда банктер мен микроқаржы ұйымдарының халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын және төтенше оқиғалардан зардап шеккен қарыз алушы - жеке тұлғаларға комиссиялар мен өзге де төлемдер алынбай, кемінде үш ай мерзімге берешекті өтеу бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігін беру міндеті белгіленген.

Кейінге қалдыру, егер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушының өтініш бергенге дейінгі екі айдағы орташа айлық кірісі алдыңғы он екі айдағы кіріспен салыстырғанда 30%-дан астам төмендеген жағдайда не атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған кезде беріледі.

Бұдан басқа, кредиторлар тарапынан рәсімдерді кешіктіруді болдырмау және негізсіз бас тартуға жол бермеу мақсатында мерзімі өткен берешекті реттеу үшін қажетті құжаттардың бірыңғай тізбесі енгізілді.

Негізгі құжаттарға жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама және (немесе) қарыз алушының соңғы алты айдағы кірісі туралы анықтама, жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату, еңбекақысы сақталмайтын демалыс беру туралы актісі немесе уақытша еңбекке жарамсыздық туралы құжат, жұмыс орнынан еңбекақысы көрсетілген анықтама және БЖЗҚ-дан үзінді-көшірме, сондай-ақ қарыз алушының жүктілігіне және баланың тууына, жаңа туған баланы асырап алуына байланысты не ол үш жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша демалыста болғанын растайтын құжат жатады.

Қаулы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 30 маусымдағы Заңды іске асыру шеңберінде қабылданды.

Басқарма қаулысының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -