Банктер туралы жаңа заң исламдық қаржыландыруды дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын Парламент Мәжілісінде таныстыру барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлады. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларын іске асыру мақсатында әзірленді.
Бүгінгі күні Қазақстанда исламдық банк қызметін жүзеге асыруға жеке ислам банкін құру арқылы ғана жол беріледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді – шетелдік «Абу-Даби коммерциялық банкі» және қазақстандық Заман Банкі. Олардың банк жүйесінің активтері мен кредиттік портфеліндегі жиынтық үлесі 0,5%-дан аз.
«Заң жобасында әмбебап банктерге қолда бар лицензиясы шеңберінде исламдық банк операцияларын «исламдық терезелер» арқылы жүзеге асыру құқығын беру көзделеді. Ол үшін Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Пәкістан, Бахрейн, Кувейт, Катар және Индонезияда кеңінен қолданылатын «исламдық терезелер» моделін пайдалану ұсынылады», – деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.
«Исламдық терезелер» моделі банктерге жеке банкті құрмай, өз құрылымында арнайы бөлімшелер құру арқылы исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.
«Исламдық қаржының ерекшелігін ескере отырып, исламдық қызметті ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген», – деп атап өтті Агенттік Төрағасы.
Банктер туралы жаңа заң жобасында технологиялық өзгерістер, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ қаржылық-технологияларды ілгерілету және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру мәселелері ескеріледі.