Мемлекет басшысының өкімімен Дәурен Ниязбекұлы Сәлімбаев Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Д.Н. Сәлімбаев лауазымға тағайындалғанға дейін 2020 жылдан бастап Агенттіктің негізгі бөлімшелерінің бірі – Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаментінің директоры лауазымын атқарды. Қаржы нарығын реттеудің тәсілдері мен әдістерін айқындау, қаржы ұйымдарының жұмыс істеуі үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ қаржы нарығындағы теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл мәселелеріне жетекшілік етті.
Сондай-ақ Сәлімбаев пруденциялық нормативтерді, Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын және маңызды заң жобаларын, оның ішінде Қазақстанның банк жүйесін жаңғыртуға және орнықтылығын арттыруға бағытталған «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа Заңды дайындауға және әзірлеуге тікелей белсенді түрде қатысты.
2002 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Қаржы және кредит» мамандығы» бойынша аяқтады. 2004 жылы сол университетте іскерлік басқару саласында MBA дәрежесін алды. 2019 жылы Nazarbayev University-де іскерлік басқару магистрі дәрежесін алды.
Еңбек жолын 2004 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің Сақтандыру нарығы субъектілерін және басқа да қаржы ұйымдарын қадағалау департаментінің жетекші маманы қызметінен бастады.
2006 – 2011 жылдары Агенттікте түрлі лауазымдарды атқарды, оның ішінде пруденциялық реттеу басқармасының бастығы болып жұмыс істеді, сақтандыру нарығын қашықтан қадағалау және дамыту басқармаларын басқарды.
2011–2016 жылдары Ұлттық Банктің Қаржылық тұрақтылық департаментінің пруденциялық қадағалау әдіснамасы басқармасын, Бақылау және қадағалау әдіснамасы департаментінің бақылау және пруденциялық қадағалау әдіснамасы басқармасын басқарды.
2016 – 2018 жылдары Ұлттық Банктің Банктерді қадағалау департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеді.
2018 – 2019 жылдары Ұлттық Банктің Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаментін басқарды.