2025 жылғы 18 қыркүйекте KASE алаңында шағын және орта бизнес үшін капитал нарықтарының әлеуетін кеңейтуге және олардың Қазақстан экономикасындағы рөлін нығайтуға бағытталған халықаралық бастама – «Ring the Bell for SMEs: Unlocking Capital Markets Potential» құрметіне арналған биржалық сауда-саттықты салтанатты ашу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ring the Bell for SMEs: Unlocking Capital Markets Potential сауда-саттықты ашу салтанатында Қазақстан қор биржасының (KASE) Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов шағын және орта бизнестің бүгінгі таңда еліміздегі жұмыспен қамтудың жартысына жуығын қамтамасыз етіп, экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстанда шамамен 2,3 млн ШОБ субъектісі тіркелген, ал бұл сектордағы жұмыспен қамту көлемі жеке кәсіпкерлер мен фермерлік шаруашылықтарды қоса алғанда 4,4 млн адамды құрайды. Бұл — экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың шамамен 46%-ы.
«Бұл сектордың әлеуеті орасан зор екенін көріп отырмыз. Оны тек пайданы арттыру үшін ғана емес, орнықты даму тәжірибелерін ілгерілету, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық бастамаларды енгізу үшін пайдалану маңызды. Сондай-ақ Биржа тек сауда-саттық алаңы ғана емес, мемлекет, эмитенттер мен инвесторлар арасындағы диалогта медиатор ретінде де басты рөл атқара алады» Әділ Мұхамеджанов
Рәсім аясында сарапшылар өз тәжірибесі мен көзқарасын бөліскен «Impact investing Қазақстанда жұмыс істей ме: ШОБ тұрғысынан көзқарасы» атты пікірталас өтті.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева Қордың шағын және орта бизнес секторының облигация шығарылымдарын қолдауға дайын екенін атап өтті.
Strategy& серіктесі және PwC Еуразиядағы кеңес беру тәжірибесінің жетекшісі Наталья Лим ESG күн тәртібін ілгерілетуде және орнықты қаржыландыру құралдарын құруда KASE-нің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, PwC-дің ESG-облигация шығару бойынша ұсынымдары бұл процесті жеңілдетіп, халықаралық стандарттарға жақындатады, бұл өз кезегінде нақты секторға инвестиция тартуды жандандырады.
«Скулбас» ЖШС Бас директоры Альберт Ни компанияның 2025 жылы KASE-де көлемі 1 млрд теңгені құрайтын алғашқы облигациялар шығаруы серпінді қадам болғанын айтты. Дәл осы екі облигациялық шығарылымның арқасында «Скулбас» мектеп тасымалы саласында жаңа бастамаларды іске қоса алды.
Іс-шара ашық пікір алмасу алаңына айналып, онда ШОБ дамуының негізгі сын-қатерлері мен перспективалары және орнықты өсімді қолдаудағы қор нарығының рөлі талқыланды. Салтанатты рәсім БҰҰ-ның KASE 2015 жылдан бері қатысушысы болып табылатын «Тұрақты қор биржалары» (UN SSE) жаһандық бастамасы аясында өтті.