Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйе қызметімен және цифрлық трансформация жобаларымен танысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгінде Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері салықтық және кедендік әкімшілендіруді, қазынашылықты, мемлекеттік сатып алуды, стратегиялық жоспарлау мен аудитті қамтиды. Мұның ішіндегі негізгілері – Smart Data Finance (SDF), салықты автоматты түрде есептеуге арналған деректердің ауқымды базасы.
SDF-те 1,9 млн жеке кәсіпкер, 584 мың заңды тұлға және 20,4 млн жеке тұлға туралы мәлімет бар. Мұнда салық төлеушінің сандық профилі қалыптастырылады: мүлік, жұмыс орны, салық төлеу, АӘК алушының мәртебесі туралы ақпарат. Заңды тұлғаларда қосымша еңбекақы төлеу қоры, қызметкерлер саны, салық есептілігінің және электрондық шот-фактуралардың тарихы тіркеледі.
Жүйе компаниялардың іскерлік белсенділігін талдауға және олардың иелері арасындағы байланыстарды 15 ұрпаққа дейін елестетуге мүмкіндік береді. Тұсаукесерде бір құрылыс компаниясы салықты оңтайландыру үшін пайдаланатын бөлшектеу схемасын көрсетті.
Сондай-ақ букмекерлік кеңселер бойынша мәліметтерді талдаудың функционалы көрсетілді. Базада Қазақстанда жұмыс істеп тұрған барлық кеңселердің дерегі бар. Онлайн режимде жүйе күн сайын қазақстандықтар жасайтын ставкалардағы қаражат айналымын көруге мүмкіндік береді.
Қаржы министрлігінің АЖ дамуының тағы бір көрсеткіші-мемлекеттік қаржының цифрлық картасы немесе «бір шыныаяқ кофе» – салық жүйесіне қосылған бақылау-касса машиналарының (БКМ) деректерін визуализациялау жобасы. Жоба БКМ арқылы тіркелген сатып алуларды сәтте бейнелейтін салық жүйесінің мүмкіндігін көрсетеді. Жүйе сатып алынған зат сомасын, күнін, уақытын және орнын, мейлі ол бір шыныаяқ кофе болсын, не супермаркеттен сатып алған тауар болсын, белгіленіп көрсетеді. Осы ақпарат негізінде өңірлер бойынша да, әрбір салық төлеуші бойынша да кассалық тәртіп сараланады.
Мемлекеттік қаржының цифрлық картасы өңірлердің нақты уақыттағы кірістері мен шығыстарын визуализациялауға көмектеседі. Жүйеде 1,1 млн БКМ бойынша деректер көрсетіледі. Салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру үшін Е-тамга, ИСНА, Кеden жүйелері іске қосылды.
Е-тамга – ҚҚС балансын есептеу және ҚҚС салық төлеушілерді тоқсандық ағымдағы баланс туралы онлайн хабардар ету. Негізгі міндет-салықтарды оңтайландыру кезінде қолданылатын жалған мәмілелердің алдын алу.
ИСНА – жеті ескірген шешімді бірыңғай платформаға біріктірген және кәсіпкерлерге толық салықтық қолдау көрсететін салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі.
Кеden – кедендік процестерді автоматтандырып, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қашықтықтан өзара әрекеттесуін енгізеді. Мұнда жасанды интеллект элементтері пайдаланылады.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде бюджеттің шығыс бөлігі цифрландырылған. Барлық мемлекеттік органдар өтінімдерді онлайн қалыптастырып, коммерциялық ұсыныстар мен орындалған жұмыстардың актілерін жүктейді. Бұл бюджет қаражатын жұмсаудың әрбір кезеңін – жоспарлау мен сатып алудан бастап, тиімділікті талдауға дейін бақылауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдауды бақылау үшін алушыларға скоринг жүргізетін және шаралардың тиімділігін қадағалайтын BAQYLAUDA цифрлық сервисі енгізілді.
Сондай-ақ тауарлардың Ұлттық каталогы (өнімді сәйкестендіру және есепке алу үшін бірыңғай база), кәсіпкердің Бірыңғай жеке кабинеті (бизнеске арналған «бір терезе» порталы) таныстырылды.
Тұсаукесер қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин бизнеске арналған жүйелердің қолайлылығын арттыру бойынша бірнеше ұсыныстар берді.