Банктер туралы жаңа заңда төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің озық халықаралық практикаға сәйкес келетін жаңа тетігін енгізу көзделеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын Парламент Мәжілісінде таныстыру барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлады. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларын іске асыру мақсатында әзірленді.
«Қолданыстағы тәсілден негізгі айырмашылық – дағдарысқа қарсы режимдердің айқын жүйесіне көшу, олар банктің қаржылық жағдайының нашарлау дәрежесіне байланысты дәйекті түрде қолданылатын болады. Реттеу тетігі дағдарысқа қарсы үш режимнен тұрады: күшейтілген қадағалау, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру және төлемге қабілетсіз банкті реттеу. Режимдердің өзгеруі алдын ала белгіленген триггерлер бойынша жүзеге асырылады, бұл реттеушінің уақтылы әрекет етуін және олардың болжамдылығын қамтамасыз етеді» Мәдина Әбілқасымова
Бұл тәсіл халықаралық стандарт болып табылатынын, оны жетекші реттеушілердің көпшілігі, оның ішінде Еуропалық Одақ, АҚШ, Ұлыбритания енгізгенін атап өткен жөн.
«Банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау үшін банктерді қалпына келтіру жоспарларын және реттеу жоспарларын әзірлеуді көздейтін жаңа талаптар енгізіледі. Қалпына келтіру жоспарлары банкті дағдарысты жағдайдан шығару және төлем қабілетсіздігін болдырмау бойынша жан-жақты шараларды қамтиды. Мұндай жоспарларды әзірлеу және жыл сайын жаңарту банктердің міндеті болады» Мәдина Әбілқасымова
Жүйелік маңызы бар банктер үшін шығындарды сіңіру қабілетінің жеткілікті деңгейін қолдау талабы енгізіледі, бұл төлем қабілетсіздігі туындаған жағдайда, олардың міндеттемелерін капиталға айырбастауға мүмкіндік береді және сыртқы қолдау қажеттілігін азайтады.
Мемлекеттің банктерді қолдауға қатысуы тек шектен тыс шара ретінде жүйелік маңызы бар банктерге қолданылатын болады.
«Қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін жүйелік маңызы бар банктің капиталына тікелей кіруі мемлекеттік қолдаудың жалғыз нысаны болады. Мемлекеттің қатысуы уақытша әрі өтеулі сипатта болады және ең аз қажетті көлемде жүзеге асырылады. Бұл жағдайда банкке банк акционерлері мен басшылығын ауыстыру, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салу, тәуекелді операцияларды шектеу және қаржылық қалпына келтіру жоспарын іске асыру сияқты талаптар қойылады» Мәдина Әбілқасымова
Қаржылық орнықтылық қалпына келгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылады, ал салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады.
Сондай-ақ, Заң жобаларында мемлекеттік органдардың банктердің қызметін реттеу саласындағы өкілеттіктері айқын ажыратылады. Жүйелік маңызы бар банктерді реттеу кезінде Үкімет пен Ұлттық Банктің құзыреті бекітілді. Агенттіктің құзыретіне қалпына келтіру және реттеу жоспарларының іске асырылуын қадағалау, сондай-ақ дағдарысқа қарсы режимдерді қолдану кіреді. Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес реттеу шараларын қолдану және мемлекеттік қолдау туралы шешімдер қабылдауға жауапты үйлестіруші рөлін атқарады.
«Осылайша, төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің заманауи жүйесі қалыптасады, ол халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және қаржы секторының орнықтылығы мен клиенттердің мүдделерін қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді» Мәдина Әбілқасымова
Банктер туралы жаңа заң жобасында технологиялық өзгерістер, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ қаржылық-технологияларды ілгерілету және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру мәселелері ескеріледі.